Мектебіміздің қазіргі таңдағы алға қойып отырған басты да түпкілікті мақсаты оқушылардың білім, білік, іскерлік дағдыларын дамытумен қатар, олардың бойындағы азаматтық, өміртанымдық, интернационалдық қасиеттерін де кеңейте түсу. Эстетикалық көркемдік тәрбиенің қайнар бұлағы музыка пәні мен оның сыныптан тыс үйірмелері бұл аталған талаптарды орындауда ерекше роль атқарады. Осы саладағы оқу-тәрбие жұмыстары нәтижелі болуда, сан жылдар бойы қалыптасқан заңдылықтар мен теорияларға, әдістер мен принциптерге сүйеніп, ғылыми педагогикалық негізде өткізілуге тиіс. Сонда ғана бұл жұмыс өз нәтижесін бермек.
Жүсіпбек Елебековтың репертуарында Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Мәди, Ыбырай, Естай, Майра, Жарылғапберлі сияқты қазақтың халықтық кәсіби композиторларының ел арасына кең жайылған жарқын да тамаша әндері болды. Әнші бұларды нақышына келтіріп әрлеп, өңдеп өз мәнерімен ширата, шарықтата классикалық дәрежеде биікке көтеріп мінсіз етіп орындай білді. Ж.Елебеков шығармашылығында Абайдың ән мұрасының орындалуы айрықша шоқтығы биік, орны өзгеше. Жүсіпбек Абайдың лирикалық ән қазынасын айтушылардың ішіндегі асқан шебер, ғажап орындаушысы еді. Ол “Татьянаның хаты”, “Сегіз аяқ”, “Көзімнің қарасы”, “Бойы бұлғаң”, “Ата-анаға көз қуаныш” әндерін тек айтып қана қоймай, бұл әндердің музыкалық- эстетикалық көркемдігін, айтар ойын, мазмұн-мағанасын, ән бойындағы жаңалығын, саздың сұлулығын барынша көркемдеп, әрлеп тыңдаушыға жеткізуші еді.
Арқаның әндері мен әншілік дәстүрі ең бір көп тараған мол жайылған беделді де белді дәстүр. Бұл өзі әндерінің саны мен көптігі, керемет сұлу әндер шығарған авторларының баршылығы жағынан 20-ғасырдағы Қазақстан композиторларының шығармашылығында кең көрініс тапқан танымал дәстүр. Осы арқа дәстүрі әншілерінің көрнекті өкілі Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде өткен Бүкіләлемдік музыкалық көрмеде Қазақстан музыка мәдениеті тарихында бірінші рет күллі Европа халқын сүйсінте таң қалдырып өзінің ерекше биік, асқақ та күшті әдемі сұлу даусымен, ерен әншілік шеберлігімен тәнті етті. Жүсіпбек осы арқа дәстүріндегі аты аңызға айналған Әміренің әншілік жолын ұстап жөнін қуған тікелей өзінен үйреніп дәстүрін жалғастырған әнші. Қазақ музыканттарының шығармашылығын көп зерттеген журналшы Мақсұтбек Майшекиннің айтуы бойынша Әміренің өзі - “Арқа дәстүрін ұстап менің өнерімді жалғастырған Жүсіпбектен асқан әншіні әлі естіген емеспін” - деп сенім артып батасын беріп домбырасын ұстатып кеткен дейді.
Атақты Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Ғаббас Айтпаев, Манарбек Ержановтар мәңгі өшпейтін даңқын шығарған екі ғасырлық тарихы бар халқымыздың ән мектебі қазақ еліне түгелдей тараған. Бұл арқа немесе сары-арқа дәстүрі делінеді. Арқа – Сары Арқа жері республикамыздың орталық, солтүстік және шығыс облыстары.
Елебеков Жүсіпбек (1904-1977) - әнші (тенор). Қазақстанның халық артисі. Қарағанды облысында туған. Елебеков бес жасынан ән айтуды бастаған. Ән өнеріне оны ағасы Ж. Балғабайұлы баулиды. Кейін Ғ. Айтбаевтан, Қ. Байжановтан, Ә. Қашаубаевтан дәріс алады. Елебеков музыкалық фольклордың талантты насихаттаушысы болып табылады. Халық композиторларының шығармалары (“Ардақ”, “Айтбай”, “Құлагер” және т. б.) Елебеков репертуарының негізін қалайды. Абай әндерін де ол аса шеберлікпен орындаған. Қазақ драма театрының сахнасында ол Жапал бейнесін (М. Әуезов “Еңлік-Кебек” ) , музыкалық театр сахнасында Әлібек (М. Әуезов пен И. В.Коцыканың “Айман-Шолпаны”), Төлеген (Е. Г. Брусиловскийдің “Қыз Жібегі”) бейнелерін сомдады. Елебеков өнері көңіл - күй иірімдері, сезім байлығымен ерекшеленеді.
Бұл отбасының балаларына білім алуға ешқандай мүмкіндік жоқ еді. Сөйтсе де талантты қыз мектеп қабырғасынан-ақ көзге түсе бастайды. Орман шаруашылығы техникумында, жұмысшы жастар факультетінде, Ортаазиялық тау-кен институтында оқиды. Ал, музыкалық білім алу туралы айтуға да болмайтын. Асқан дарындылығымен өнерге деген құштарлығы арқасында Жамал Омарова 16 жасында-ақ Ташкент радиосында ән салады. Оның орындаушылық шеберлігі сол өңірдің халықтық ән дәстүрінің бай қазынасын бойына сіңіріп қалыптасқан деп айта аламыз.1928 жылы ЖамалОмарова Ташкентте өткен Ортаазиялық балалар олимпиадасында Гран-при жүлдесіне ие болады.
Қазақ ССР-ның халық әртісі Жамал Омарова (1912 –1976) көзінің тірісінде-ақ бүкіл елдің зор сүйіспеншілігімен құрметіне бөленген шын мәнінде нағыз халықтың әншісі. Жамал Омарованың өмірі мен шығармашылығы кеңес дәуіріндегі қазақ музыка тарихының жарқын беттерінің бірі, оны мәңгіге жазып қалдырған жарық жұлдызы. Әншінің ешкімге ұқсамайтын қайталанбас ғажап дауысы күн сайын радиодан шырқалып, республиканың барлық облыстарын аралаған гастрольдік сапарларында елге кең жайылып таралып жатты. Жамал Омарова Қазақстанды, қазақ өнерін жауапты концерттерде, одақ көлеміндегі декадаларда паш етіп көпұлтты кеңестік өнердің мақтанышы бола білді! Жамал Омарованың өмірі мен шығармашылық тағдыры сол кездегі кеңес дәуірінің халық музыканттарына және жалпы халыққа деген ресми үстемдігін, ақ-қара беттерін айна қатесіз көрсетеді. Жамал Омарова Ташкент облысының Янгиюль ауданында бай қазақ отбасында дүниеге келген. Коллективтендіру кезінде қатты қуғындалып, әкесі репрессияға ұшыраған.
Омарова Жамал (1912-1976) - әнші (контральто). Қазақстанның халық артисі. Өзбек ССР-нің Янгиюль қаласында туған. Ташкент педагогикалық училищесінде оқу бітірген. Ж. Омарова қазақ ұлттық операсымен ән мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосты. Ол 1934-1936 жж. музыкалық драмалық спектакльдерден Мақпал (Б. Майлиннің “Шұғасы”), Қамқа (Ғ. Мүсіреповтың “Қыз Жібегі”), Айман (М. Әуезовтің “Айман-Шолпан”) образдарын жасады. 1937-1976 жж.- Қазақконцерт пен қазақ филармониясының солисі. Оның репертуарында “Бипыл”, “Қараторғай”, “Ертіс”, “Ләтипа”, “Шынарай” сияқты қазақтың халық әндері, Ш. Қалдаяқовтың “Менің Қазақстаным”, А. Телғозиевтің “Менің елім” және т. б. әндері бар. Ж. Омарованың орындауында қазақтың халық шығармашылығына ұлттық сипаттар, оның әуезділігі, фольклорлық жанрдағы патетика тән.
Көне кептің байыбына салсақ, көмейіне Жошы хан қорғасын құйғызған домбыра қайтып үн қатпастай тұншықпақ еді. Алайда, ғасырлар өткенде басқа емес – нақ осы әміршінің өзінен өрбіген жұлдызды шоғыр азалы да жазалы аспаптың құдіретіне дүниені қайта табындырды. Жошы заманы тым жырақ – әңгімеміз адасар. Арғы атасы әз-Жәнібек – бұл да бағзы белесі. Бергідегі Әбілқайыр бабаларына алдияр дейік. Иә, әңгіме баһадүр хан ұрпағының тұқымнан тақ тоздырған тегеуріні емес, әулеттен ән оздырған тектілігі хақында болмақ. Әбілқайырдың тікелей мұрагері Нұралының отыз ұлы ішінде, әсіресе, Бөкей, Шығай, Қаратай тарихта аты қалған тұлғалар. Осы үшеуінен басындағы бақты тақтан емес, күмбірлі күй мен әуелеген ән-жырдан тапқан ұрпақ қаншама. Айталық, төре күйдің тәңірі Дәулеткерей, әншілігімен Жайықтың сырнайы атанған Мұхит сал, “Шалқыманың” жаршысы Жантөре хан – дарынымен дара тұрар есімдер!
Өткен ғасырдың аса құндылы ән-күйлері, термесі, жыры, қисса мен халықтың музыкалық шығармашылығының негізінде жас ұрпақты адамгершілік рухта, музыкалы-эстетикалық нәзік сезімге тәрбиелеуде үлкен рөл атқарып отыр. «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй...»,
Қай дәуірде болмасын, белгілі бір музыкалық ағымның негізін қалап, соның басында тұратын орындаушылығы дара тұлғалар болады. Қазақтың аспаптық музыка мәдениетінің деңгейін көтерген дарынды бабаларымыз әр кезеңде өздеріне тиісті міндеттерін атқарып отырды. Олар күйдің композициялық құрылымының өзінше өсіп-өнуіне үлгі болды, тартыс мәнерінің мектебін қалыптастырып, оны арттағыға атамұра ретінде аманаттап отырды. Күй тарихында мұндай жандарды «Күй атасы» деп мәртебелеп атап отырған. Біздің тоғыз ғасырлық күй шежіремізде аттарын кие тұтып ардақтайтын осындай төбелі өнер иелері аса көп емес: Қорқыт, Кетбұғы, Асан Қайғы (Қайқы болуы да мүмкін), Қазтуған, Байжігіт. Ал, Тәттімбет, Құрманғазы, Бейсенбі, Дәулеткерей, Тоқа, Ықылас, Қожеке, Абыл, Қазанғап, Дина сияқты күйшілер солардың дәстүрін жалғастырушылар.
Кеңес дәуірі (1917-1990) қазақ музыка мәдениетіне үлкен серпіліс әкелді. Бұрынғы күйшілік дәстүрдің ғасырлар бойы еркін дамыған ғұрыптық жолы ендігі жерде басқа соқпаққа түсті. Байырғы күйшілік салт ноталық жүйеге ауыстырылды, барлық күйшілік үрдіске ортақ орындаушылық методика қалыптасты, бұл жағдай домбырашылықтың ноталық сауатын ашқанмен, күй мектептерінің дәстүрлі дамуына едәуір зардабын тигізді. Европалық нота жүйесінің домбыра меңгертуді жеңілдетуден басқа зияны жоқ еді, мәселе қазақы күй өлшемдерінің орыстың халық аспаптары үлгісіне ұқсастырылып, ықшамдалып нотаға түсуінде болды.
Қарата күйшілік мектебі дегенде домбырашылық пен қобызшылық өнер қатар қанат жайған Созақ жері бірден ауызға оралады. Күйшілік дәстүрге келсек - Қаратау күйлері Арқа орындаушылық үлгісінің өзінше дамыған бір арнасы болып табылады. Арқа күйшілерінің ішінде әуелі Сайдалы сары Тоқа мен Арғын Дайрабайдың (Алшын Дайрабай дейтін де күйші өткен) ықпалы Қаратау күйшілік мәдениетіне көбірек тигені тарихи дәлелді шындық. Осы күні Қаратау мектебін зерттеушілер Сүгірдің Тоқадан бата алғанын айтқанмен, тарту үлгісін бөлекше деп санап жүр. Шындығында, Сүгірдің ұстазы – Ықылас пен Тоқа бір елдің адамдары болған, олардың күй шалу мәдениеттері Тәттімбеттен тарағаны даусыз ақиқат. Қаратау мектебін талдағанда Ықылас пен Сүгірден арғы күйшілерден ешқандай дерек келтіре алмай жүргеніміздің бір шеті осында жатыр, яғни ежелден қоныстас болған Арқа мен Бетпақдаланың әлеуметтік-мәдени шежіресін білмеуіміз қате пайымдар жасауға түрткі болып-ақ жүр.
Жетісу жері – қазақ халқының тағдыры талай рет талқыға түскен жер, үш жүздің қаны топырағына мәңгі сіңіп қалған тарихи мекен. Мемлекет басына күн туғызған талай құйтұрқы саясатты көрген қасиетті Алатау қазақтың байтақ елін көлеңкесімен қорғағалы нелер заман өтпеді, мұқым Шығысқа ықпалы жүрген Қытай империясы құдайы көршісі – Қазақты бодан қылудың бар айласын жасап бақты, ғасырлар бойы атүсті айқаспен бостандығын сақтап қалған қазақ елі үшін Жетісу жері әрісі - алты алаштың жерұйығы боп саналады. Жетісу жерінің музыкалық мәдени мұрасы аса бай, домбыра өнеріне келетін болсақ, атадан балаға өзгеше нақыспен жалғасқан күйшілігі де бір ерен мұра. Жетісу жерінің күйлерінде байырғы түркілік сарын мейлінше жақсы сақталған, оған осы өлкеде ғасырлар бойы қазақпен ішек-бауыры араласып кеткен туыстас қырғыз, татар, ұйғыр, дүнген халықтарының да мәдениеті жаймашуақ әсерін бергені ақиқат. Олай дейтініміз – бұл халықтардың музыкалық мұрасы қазақ мәдениетіне жат емес, керісінше, олардың қазақпен жалпытүріктік тамырластығы бар, Жетісу домбырашылығының кемелдігіне мейлінше себепші болатын фактор осы.
Арқаның күйшілік мектебі - шертпе мәдениетінің алтын қазығы деуге тұрарлық үлкен мектеп. Себебі, Арқа иісі қазақтың тарихи ортақ мекеніне айналған, үш жүздің еншісі бөлінбегенін айғақтап тұрған қасиетті Ұлытау да осында. Домбырасымен «Ақсақ құланды» толғаған күй атасы - Кетбұғы өмір кешкен Жошы ұлысы да Арқа өңірінде дәурендегені шежіреден аян. Нелер балбармақ домбырашылар өмір кешкен Сарыарқа жерінде күй дегенде алдымен аузымызға абыз Кетбұғыдан бөлек керей батыры–Байжігіт, арғынның аты аңызға айналған ақылманы – Тәттімбет сері түседі. Осылардың ішінде Арқа мектебінің басында тұрған тұлға сөз жоқ, Тәттімбет екені даусыз. Тәттімбет Қазанғапұлы (1815-1862) өз заманында теңдесі жоқ өнерпаз болды, ғұмыры келте болса да артына мол мұра қалдырды. Ең маңыздысы – жасампаз мектептің іргетасын қалап кетті, Тәттімбетше күй шалу үрдісі осыдан кейін Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Сембек, Әбди, Итаяқ, Әбікен, Аққыз, Мағауиялар арқылы дамып, шертпенің даңқы мұқым қазаққа үлгі болды.
Ұсынылмақ кітапты жазуды қолға алғандағы мақсатым – қазақтың шертпе күй өнерінің мектептері туралы А.Жұбанов, Уәли Бекенов, Ақселеу Сейдімбек сияқты ғалымдар айқындап кеткен зерттеулерді қазіргі күйшілікті кәсіби оқыту бағдарламасына мүмкіндігінше қоғамдап енгізу екенін ашық айту. Себебі, аталған ғалымдардың күйшілік үрдісті жаңа заманда жаңғырту жайлы жазған еңбектері қашанда маңызды, арнайы білім ошақтарындағы оқыту ісі мен дәстүрдің арасындағы алшақтықтың бар екенін қадап айтқан Ақселеу ағамыз домбыра методологиясына этнопедагогикалық салт қағидаларын төтенше енгізуді ұсынған болатын, зерттеушінің ойынша байырғы домбырашылықты қайта тірілтудің жолы түпнұсқалық күй мақамы мен оның жазбасын қолға алудан басталмақ. Бұл мәселенің оқу орындарына қозғау салғанын әрі нәтижелі ғылыми тұжырым болғанын уақыт көрсетіп отыр.
Ғарифолла Құрманғалиев – ХХ ғасырдағы қазақ музыка мәдениетінің ерен құбылысы. «Бүгінгінің Мұхиты» атанған, ондаған жылдар бойы ол жалғыз өзі Батыс Қазақстанның көне де жоғары дәрежеде дамыған вокалды-аспаптық дәстүрін паш еткен. ХІХ ғасырда эпикалық кең тынысты әннің асқан шебері болған Мұхит мұрасын жеткізген де Ғарифолла Құрманғалиев болатын. Халықтың сүйіп тыңдайтын теңдесі жоқ екпінді дауысты әншісі болды.
Сөйтіп, Мұхиттың әндері оның туған жері Орал облысы шеңберінен шығып, шалғай жерлерге де кеңінен тарады. Республиканың батыс облыстарында Мұхиттың әнін орындамаған өнерпазды кәсіпқой әнші деп санамаған. Сондықтан мамандар Мұхит әндерінің авторлығын анықтауға арналған зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Орындаушылық өнері бүкіл Қазақстан үшін үлгі болған Ғарифолла Құрманғалиев “екінші Мұхит” атанды. Әнші өз өлкесінің халық әндері мен термелерін (халық және авторлық термелер) тамаша орындай білген. Диск іде Батыс Қазақстан әуендерінің бірнеше аймақтық атыраулық (“Гурьев”, “Гүлжан-Сара”) маңғыстаулық (Қайыптың “Ақбөбегі”), ақтөбелік (Сары Батақовтың әні) үлгілері келтірілген. “Егер адам талантты болса, онда ол барлық жағынан да талантты”, - деген бар. Ғарифолла керемет концерттік орындаушы және опералық әнші ретінде өз өнерімен қазақ мәдениетінде өшпестей із қалдырды.
Мұқан сол өзі көп менсіне қоймайтын ән жанрының өзінде “Бесік жыры”, “Тос мені тос”, “Кестелі орамал”, “Мен көрдім ұзын қайың құлағанын”, “Ақ марал” сынды терең философиялық мән мен биік эстетикалық өрені қиыннан қиыстырып, шебер үйлестірген шедеврлар туғызды. Аспаптық музыкада скрипкаға арналған “Лирикалық биіне”, “Бесік жырына”, концерттік поэмасына, симфониялық оркестрге арналған “Қазақстан” атты поэмасы мен “Қобыланды” увертюрасына, хорға арнап жазылған “Отан даңқы”, “Жастық” сютасы мен “Желкілдек” атты кантатасына аузының суы құрып аса жоғары баға берген Ахмет Жұбанов жеделдес әріптесі Мұқанның басты туындысы “Біржан-Сараға” әбден қапысыз шыңдалып, кемеліне келіп жеткендігін баса көрсетеді.
Ол дарынды жастарды іздеп табуға аса ықыласты еді. Бір кезде ол Екінші Алматы вокзалынан қала орталығындағы үйіне жаяу қайтып келе жатады. Кенет әлдеқайдан құйқылжыта шертілген домбыра үнін естиді. Кілт тоқтай қалып, төңірегіне қарайды. Тұсындағы аулаға кіріп, маңайына құлақ тосады. Төбесіне маялап пішен үйген тәпене үйдің төбесінде бір қиық құлақ қара бала тыр жалаңаш кеудесін күнге тосып, бір аяғын бір аяғының үстіне шалғыластырып қойып, шалқасынан түсіп, қара домбыраны безілдетіп жатқанын көреді. Кәнігі ұстаз күй біткенше дыбысын шығармай, тыңдап тұрады. Бала күйін бітіріп, енді қырылдақ дауыспен күжілдетіп ән бастай жөнелгенде, жөткірініп дыбыс береді. Сақ құлақ бала шошаң еткізіп, басын көтеріп алады. Ирелеңдеген ұзын мойыны сорайып, бұлтыңдаған жұтқыншағы күдірейіп, қалқайған құлағы тікірейіп, бейтаныс кісіге сығырая қарап алады. Сосын кенет тісін ақситып: “Ассалаумағалейкум, Ахмет көке!”— деп, екі қолын бірдей созып төбеден қарғып түседі. Сөйтіп, ешқандай теңдесі жоқ шексіз талантты шәкірті айтулы ұстаздың қолына ілігеді. Ахаң өле-өлгенше: “Нұрғисаның тұла бойын түгел құрсап тұрған ақ сайтаны бар. Егер оның анау қураған сексеуілдің бұтақтарындай сояу-сояу саусақтарын бір жендет айбалтамен қырқып жіберсе, ол шырпыдай шашылып жерге түспес еді. Әуеге ілініп, өздерімен өздері әлдебір құйқылжыған ырғаққа басып, билеп кетер еді”,— дейтін. Шын таланттың шын талантқа шындап масаттанғаны осындай-ақ болар!
Солай бола тұра аталмыш кезеңге дейін Құрманғазының генерал В.Перовскийді, жорналшы Н.Савичевті, Дәулеткерейдің жат жерлік мәртебелі меймандарды, Тәттімбеттің де көлденең көк етікті қонақтарды оңаша тамсандырғандары болмаса, халық күйлері бейтаныс аудиторияларда, көп халық бас қосқан үлкен жиындарда орындала бермейтін-ді. Тек әйгілі сазгер Сейтек Оразалиев 1923 жылғы тамызда бүкілресейлік ауылшаруашылық көрмесінде әлденеше күй орындап, мәскеуліктерді әбден тәнті еткен-ді. Алайда, қазақ астанасындағы “өз білгіштеріміз” 1936 жылы тұңғыш рет драма театрының сахнасында Құрманғазының не бір саңлақ шығармаларын орындаған Уақап Қабиғожинді іш пыстыратын “мәнсіз ұзақ тартыс” деп қызметтен қуып жібереді. Сөйтіп, күй 1934 жылдың маусымына дейін сүтке тиген күшіктің халін кешіп, сахнадан өгейлік көріп, көрепара қақпайланып келді. Ленинград аспиранты Ахмет Жұбанов бұл өкінішті түсінікті түзетуге күш салады. Ол да ағасы Құдайберген Жұбановтың “Бұрыннан бар музыка мұраларын жетілдіріп, толықтырып, көркейтіп, көркемдік жағын күшейтіп, примитив түрлерін гармониялап, халық музыкасындағы өмірге, тіршілікке шақыратын ерлік, талап, жігер тудыратын элементтерін саралап алып, кертартпа, сары уайым, жасықтық туғызатын жағын жойып, — осы ретпен ғана қазақ ұлтының қазіргі музыкасын дамытуға болады. Халық музыкасы мұраларын зерттеудің маңызы зор болатыны осы жағынан” дейтін қағидасын ұстанды. Ұстазы А.В.Затаевичпен тізе қосысып, жоғарыда айтылған жаңаша өнер көрсеткен шағын ансамбльді байқауға жер-жерден келген дәулескер домбырашылар, қобызшылар, сыбызғышы-сырнайшылармен толықтырып, ұлт аспаптары оркестрін құруға күш салады. Ол талпыныстары үкімет тарапынан қолдау табады. Оның көркемдік жетекшісі және бас дирижері болып Ахмет Жұбанов тағайындалады.
Aлпысыншы жылдарғы Алматы. Жасыл мәуеге малынған маужыр қала. Соғыс кезінде азды кем тұрып, дәмін татып, көзі жұмылғанша тамсана мадақтап өткен ақын Владимир Луговской тауып айтқандай – “Город вещих снов”. Жайраңдаған жайдарман ортадағы жадыра думаннан соң жайлы төсекте жатып, таң алдында тамсана көрген тамаша түстей жайсаң шаһар. Күн сайын түс ауа ағыл-тегіл құйып өтетін ақ нөсерден кейін күміс бауыр жапырақтарын жарқ-жұрқ жалтылдатып, жамыраса сыбдырласқан ақ балтыр қайыңдар арасында мың сан періште бір-бірімен үздіге сыбырласып тұрғандай. Мұзарт құздардан мөлтеңдей құлап, көше сайын мөлдірей шапқыласқан меруерт моншақ тау суын жағалап, қырық сан қызыр серуендеп жүргендей. Аттаған сайын амалсыз кідіріп, бас киіміңді қалай жұлып алғаныңды білмейсің. Өйткені, қарсы алдыңнан ол кездегі исі қазақтың бәрі де: “Шіркін-ай, бір көрсем-ау?” – деп жүретін аты әйгілілердің біреуімен қалай да ұшырасып қаласың.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі елдің тәуелсіз, әрі тегеурінді, терең мазмұнды үздіксіз білім жүйесі болуы керек. Ол мемлететтің экономикалық, қорғаныс қабілеттерін күшейтері анық. Жас жеткіншектерді ұлтын, елін шексіз сүюге тәрбиелейтін бірден бір құрал,оқу тәрбие ісіне қазақ халқының этнопедагогикасын сәтті ендіру болып табылады. Халқымыздың дәстүрілі білім мен тәрбиелер жиынтығы ғұмыр бойы жинақтаған тәжрибелерінің қорытындысы. Оларға талай ғасырлар сүзгісінен өткен ұғымдар, түсініктер, пайымдар жатыр. Мәдени мұралар уақыт, озып, қоғам дамыған сайын екшеленіп, жаңарып жаңа мазмұнға ие болады. Сондықтан қазақ халқының мәдени мұралары адамзат баласының қол жеткізген дана пікірлері мен асыл ойларына, тәжірибелік тұжырымына өте бай. Мәдени мұралардың тәрбиелік мәні әрқашанда адамзат баласына нәр беріп байытып отыратын қуатымен бүгінгі білім беру саласының алтын желесі болып отыр.
Туған жер – өз үйің ғана тұрған жер емес, өз халқыңның кіндік қаны тамған , ата – бабаңның достар, салты қалыптасқан , тірлік қарекетін бастаған жер. Ал оның кешесі, бүгіні, ертеңі туралы біз білуіміз керек. Сондықтан алтын бесік Алтай туралы, оның табиғаты, байлығы туралы сыр шертелік. Айтпақшы, Алтай деген сөздің мағынасын кімбіледі, кім айтады? «Алтай» монғол тілінен қазақшаға аударғанда «алтын» деген мағына береді. Былайша айтқанда, «алтын тау». Халық жердің атауын оның негізгі қасиетіне қарай қойып отырған ғой. Алтай өзінің атына лайық байлыққа ежелден ие. Оның қойнауынан Менделеев кестесіндегі барлық металдар табылады ( ден аса өзендер, көлдер бар)
Синаның (Авиценна) "Медицина канондары" атты еңбегі XІV ғасырға дейін дерлік барлық дәрігерлер үшін канондар ретінде пайдаланылды. Араб ойшылдары ғылымға тек қана методологиялық нұсқаулар ғана емес, сондай – ақ көптеген терминдер енгізді: аль хебри - алгебра, аль хемия- алхимия, аль хогол-алкоголь және т.б. Ғылыми құбылыстар әдетте көптеген латын және грек сөздерімен белгіленеді де, олар көп жағдайда терминдер ретінде қалыптасады. Ал араб оқымыстылары болса сол терминдерді ойлап тапты, ал кейін латын тіліне аударылды. Әрбір ғылымның тек өзіне ғана тән түсініктері мен терминдерден құралған тілі болатындығы белгілі. Грек тілінің көптеген сөздері латын сөздерімен қатар ғылыми терминдер түрінде қолданылады. Бірақ терминдердің өзін арабтар ойлап шығарған.
XV ғасырда қытайдың баспа тәсілдерімен таныс емес, немістің алғашқы баспашысы Иоганн Гутенберг (1400-1468 ж.) баспа шрифтерін өз бетінше жеке құрастырып шығарды. Ол әрбір әріпті темірден құйып жасады. Сөздерді құрайтын әріптер бір ағаш рамаға жиналып, преске орналастырылды, осыдан кейін оларға бояу жағылып, бір парақ қағаз салынды. Осындай әдіс бір беттің мыңдаған экземплярын шығарып, одан кейін келесі беттерді басып шығаруға мүмкіндік берді. 1500 жылға қарай Италияда –100, ал Испанияда – 30 баспа станоктары іске қосылып, қызмет еті.
Алғашқы қауымдық қоғам эволюциясының көптеген проблемаларының ішінде тіл эволюциясының құрылу үрдісі - ең негізгілердің бірі. Австралопитектер, питекантроптар мен неандерталдықтардың қауымдастықтарындағы өзара қатынас құралдарын анықтайтын ешқандай құжаттар мен дәлелдемелер жоқ. Адамның ойлауының пайда болуы мен дамуы жөнінде де ешқандай мәлімет жоқ. Шын мәнінде барлық мәлімет қосымша сипатта, сондықтан біз бұл мәліметі тек шартты түрде ғана қабылдауымыз керек.
Химиялық эволюция ерте кезеңдерінде-ақ түрлі өзгерістерге ұшырап алдымен биохимиялық, кейін биологиялық эволюцияға айналды. Жер бетіндегі қазіргі тіршілік оттекті атмосферадан түзіле алмаған болар еді. Пайда болған тіршілік үздіксіз эволюция процесін басынан өткізген және өткізуде. Биологиялық эволюция ең алғашқы организмдер алғаш рет өздерін өздері жасай алған кезден басталды. Жерде тіршіліктің басталуы белок молекулаларын жасай алатын нуклеин қышқылдарының түзілуінен басталды. Биохимиялық эволюция теориясын төмендегі схема бойынша беруге болады. Коацерваттар мен органикалық заттардың түйіртпектерінің шекарасында күрделі көмірсутектер молекулалары орын алды, нәтижесінде коацерваттардың тұрақтылығын қамтамасыз ететін қарапайым клеткалық мембрана пайда болды. Коацерватқа өздігінен көбейе алатын молекуланың енуі нәтижесінде өсу процесіне қабілетті қарапайым клетка түзілген болуы керек.
Республиканың оңт. бөлiгiндегi шөлдi белдемге дейiнгi орт. аймақты құрғақ-далалы және шөлдi-далалы қара-қоңыр топырақты белдем алып жатыр. Аум. 90,5 млн. га, яғни республика жерiнiң 33,2%-ы. Мұнда солт-тен оңт-ке қарай 3 белдем аралығына бөлiнедi: күңгiрт қара-қоңыр топырақты белдем аралығы — қоңыржай қуаң дала, мұнда жыл сайын егiннен тұрақты өнiм алынбайды. Топырақтағы қара шiрiк мөлш. 3 — 4%-дай. Аум. 27,7 млн. га. Топырақ құнары жап-жақсы болғанымен құрғақшылық әрбiр 3 — 4 жылда бiр қайталанып болып тұрады. Соңғы 10 жылда бұл белдем аралығындағы жыртылған жер көлемi оларды пайдаланудың тиiмсiздiгiнен, бұрынғы 10 млн. га-дан 3 — 4 млн. га-ға азайтылған; жай қара-қоңыр топырақ орын алған алқаптың аум. 24,4 млн. га. Топырақтың беткi қабатындағы қарашiрiк мөлш. 2 — 3%. Құрғақшылық кейде жыл сайын, кейде 2 жылда бiр рет қайталанады, сондықтан суарылмайтын егiншiлiкпен айналысу тиiмсiз, ал суару үшiн тұрақты су көздерi жоқ. Тың игеру кезiндегi асыра сiлтеушiлiкпен бұл белдем аралығында астық үшiн игерiлген 4 — 5 млн. га жерге соңғы 10 — 12 жылда егiс егiлмейтiн болды, тек аз ғана малазықтық жем-шөп егiлетiн жерлер қалдырылды. Мұнда соңғы жылдары тек мал өсiрiледi; ашық қара-қоңыр топырақты белдем аралығы — өте қуаң шөл (шөлейт) дала, негiзiнен мал ш-на жарамды. Аум. 38,4 млн. га.
Жазық алқап топырағы. Ауд. 235 млн. га. Қазақстанның жазық аймақтарында солт-тен оңт-ке қарай мынадай топырақ белдемдерi кездеседi: 1) республиканың қиыр солт-н орманды дала белдемi алып жатыр. Негiзiнен бұл жерлер Батыс Сiбiр ойпатында орналасқандықтан жер бетi жазық, ойпатты, сондықтан орманның шайылған сұр топырағы мен шайылған сiлтiсiзденген қара топырағы тән. Бұл аймақтың топырақтары құнарлы, негiзiнен жаздық бидай егiледi. Қалған жерлерiн орман, шабындық пен жайылымдар алып жатыр. Ауд. 400 мың га; 2) осы белдемнен оңт-ке қарай даланың қара топырақты белдемi (Жалпы Сырттан Ертiс өңiрi жазықтығына дейiн 2000 км-ге созылған) жалғасып жатыр. Аум. 25,7 млн. га, оның 15 млн. га-сы жыртылған жерлер, негiзiнен астық дақылдары егiледi. Қара топырақты белдем солт-тен оңт-ке қарай 2 белдем аралығына бөлiнедi: кәдiмгi қара топырақты белдем аралығы Батыс Сiбiр ойпатының оңт-н Сарыарқа өңiрiнiң және Жайық биiк шығыс жазығының солт. бөлiктерiн қамтып (енi 100 — 140 км-дей), батыстан шығысқа созылып жатыр. Аум. 11,8 млн. га. Жер бетi жазық, топырағы құнарлы, негiзiнен астық дақылдары егiлiп, еттi-сүттi мал өсiрiледi; оңтүстiктiк қара топырақты белдем аралығы — кәдiмгi қара топырақты белдем аралығының оңт-н бойлап батыстан шығысқа созылып жатыр, енi 50 — 125 км-дей, аум. 13,9 млн. га. Жер бетi жазық, топырағы құнарлы. Бұл негiзiнен ылғалы жеткiлiктi, дәндi дақылдар егуге қолайлы жерлер. Құрғақшылық әрбiр 7 — 9 жылда бiр-екi рет қайталанады.
Орманды дала климаттық белдемi республиканың ылғалы ең мол бөлiгi. Орташа жылдық жауын-шашын мөлш. 242 — 315 мм-ге дейiн, оның 80%-ы жылдың жылы мезгiлiС-тан жоғары орташа тәулiктiк ауа темп-расының жылдық°нде жауады. 10 С. Вегетациялық өсiп-өну кезеңiнiң ұзақт. 160—170 тәулiк. Ең°жиынтық мөлш. 2100 қысқа жыл маусымы — көктем, ұзақт. 1,5 ай, жазы 3 айға созылады. Қысы ұзақ, қазаннан сәуiрдiң соңына дейiн. Қуаңшылықтың орташа жылдық мөлш. 37 күн, кейбiр жылдары 110 — 113 күнге дейiн созылады. Далалық климаттық белдем республиканың солт-ндегi бiраз аймақты қамтиды. Жылдық жауын-шашын мөлш. 200 — 300 мм, оның 70 — 80%-ы жаз айларына тән. Тұрақты қар жамылғысы 140—160 күнге созылады, қардың орташа қалыңд. 30 см-дей. Дүлей желдi күндер көп және эрозиялық процестер күштi С-тан жоғары ауаның орташа тәулiктiк темп-расының жылдық жиынтық°дамыған.