Ректор Карл Фукс қазақ ханына өзі басқаратын білім ордасының аудиторияларын аралатты. Алдымен физика кабинетіне бастады. Дәліздегі есігінің реті солай болғанына ректор қынжылғандай. Қырдан келген әміршіні физика құралдары тым қызықтыра қоймас деп ойлаған. Ал хан кейбірінің не үшін қолданылатынын білмесе де, өзін қараңғы етіп көрсетпеуге тырысып бақты. Сұрағын сақтықпен қойып, алды-артын ойлай сөйлеп, оқымыстылардың іштей мазағына айналмауды ойлады.
Мәскеудің ресмилігі мен салтанатын түгесіп, еліне қайтқан Жәңгір қазанның 13 күні Қазан қаласына жетті. Император ағзамның қазақ ханын шетелдік мәртебелі меймандар дәрежесінде қабылдағанынан хабардар Қазан қауымы Жәңгірді өз үстерінен елеусіз өткізіп жібере алмады. Хан алыс жолдан аяқ суытпай жатып қаланың азаматтық губернаторы барон Розен әдейілеп сәлем бере келді. Сәтті сапарымен құттықтап, енді ежелгі Қазанға қош келдіңіз деп қол қусырды. Жәңгірдің жол бойы ойлаған өз мақсаты болатын. Сөйтіп, келесі күні Қазан университетінің табалдырығын аттады.
1826 жылдың күзіне таман Бөкей ордасының ханы Жәңгір Мәскеуге барып, І Николай императордың тәж кию салтанатына қатысты. Ағасы Шөкі Нұралиевті, немере ағасы Қайыпқали Есімовті, арқа сүйер сенімді адамдары Сүйінішқали сұлтан мен Қарауыл қожаны және үш кеңесшісін жанына нөкер етіп ерітті. Қазақ хандарынан бірінші болып зайыбы – Фатима ханшаны бірге ала барды. Ресейдің қол астында отырып, сырт мемлекет деңгейіндегі депутациямен келген Жәңгірді үкімет хаттамалық дерлік рәсіммен қабылдап, Еуропа билеушілеріне лайықталған сый-құрметтің бір ұшығын көрсетуге мәжбүр болды.
Н.Ә.Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында»атты кітабында:» 1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетті. Олар жүз жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында бірінші болып айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез-келген ұлтқа тән ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді» ─ деп дәл бағалаған. Желтоқсан пәлен жылдар бойына мызғымас қамал саналып келген Кеңестік империяның іргесін мүжіп, көбесін күйретіп, ақыры жер бетінен жойылып тынуына ұрындырған пәрменді соққы болып тиді. Осы орайда, Желтоқсан қозғалысын, біріншіден, ішкі ұлттық маңызы бар оқиға (ұлттың өзін-өзі тану сезімінің оянуы), екіншіден, жалпыодақтық деңгейдегі (одақтас республикалардың егемендігіне серпін берген) оқиға ретінде, үшіншіден, әлемдік маңызы бар (социалистік лагерьдің күйреуінің басталуы) аса салихалы көп сипатты әлеуметтік сілкініс ─ атышулы тарихи феномен ретінде бағаласа да артық емес,─ дейді жазушы, мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев. 86-ның Желтоқсаны қазақ халқының ұлттық сезімінің өсуіне айырықша ықпал етті, қазақтың өзін-өзі тануын, ұлттық мақтаныш пен тәуелсіздік туралы ұғымын түбірімен өзгертті.
Мұхтар Шаханов «Рух және ыза дауылы немесе бес ғасырлық арман» еңбегінде: «1986 жылғы желтоқсан оқиғасы әлемді дүр сілкіндіргенімен әлі күнге дейін талай қандастарымыздың санасын сілкіндіре алмай келеді. Олай дейтін себебіміз қазіргі таңда желтоқсан оқиғасынан мүлдем бейхабар жастарымыздың көптеп кездесуі, ал Кеңес дәуірінің тарихын оқыған жоғары буынның 1905 жылғы қанды жексенбіні білмейтіні кемде-кем. Мүмкін бұл жағдай салыстыруға келмейтін де шығар, алайда әр халықтың өз тарихының өшпес орны бар. Біздің мақсатымыз шындықты ашу. Себебі 20 жыл өтсе де, шындықтың беті әлі күнге дейін ашылған жоқ» деген. КСРО халық депутаттарының І съезінде басын бәйгеге тігіп, желтоқсан оқиғасы жөнінде алғаш мәселе көтерген, Шыңғыс Айтматовша айтсақ: «Кремльдің қабырғасында тұп-тұра бомба жарылғандай» етіп сөз сөйлеген М.Шахановтың съезд мінберіндегі үш минуты болашақ үшін ақиқаттың бастауындай болған еді.
18-желтоқсан күнгі құрбан әсіресе мол болды. Ол күні алаңға ешкім жіберілмейтін болып жоспарланғанына қарамай, көшеге 30 мыңдай адам шығып, кешегі түнгі болған оқиғаға лағынет айтты. Ереуілшілер бұл күні кеше кешке өлгендердің мәйітін сұрады. Жендеттер жауап орнына ешбір ескертусіз шайқас ашты. Тағы да кескілеу басталды. Оқиғадан соң іле-шала алаңдағы қан күні бойы жуылды. Алтын жүзігі бар саусақты жендеттер шауып, алтын сырғаны құлақтан жырып алды. Орыс біткен жендеттер жағында болды демейміз. Бірақ жазалаушылардың дені, олардың дем берушілері негізінен орыстар болды. Бұл қазақ жастарының орыс ұлтына деген наразылығын қоздыра түсті. Осылай, бейбіт наразылық үкімет тарапынан қанмен тәмамдалды. Жендеттердің жазалаушы әрекеттерін тікелей басқарғандар – Колбин, Мирошхин, Мещеряков, Князев, Щулико, ал қазақ жағынан Қамалиденов, Мұқашев, Елемесовтер бар.
Желтоқсан оқиғасында шектен шыққан зұлымдықтар болды. Соның дәлелі ретінде облыстық «Дауа» газетінде жарық көрген «Қайрат қоғамының дүниежүзі ұлттар қауымдастығына жолдаған жасырын хатында» былай дейді: [93ж. желтоқсан №10] «1986 жылғы желтоқсандағы уақиғаны ТАСС дүниежүзіне «маскүнемдер мен нашақорлардың ұйымдастыруымен болған бұқара тәртіпсіздігі» деп даурықтырды. Шынында, халықтың бейбіт наразылығын тез арада басып, жаншып тастап, түк білмегендей отыра қалу мақсатымен бұл оқиғаны өкіметтің өзі ұйымдастырған еді. Көтерілісті жаншу үстінде командирлер мен олардың бұйрығын орындаушылардың қимыл-әрекетінің қабыса қалуы кімді болса да таң қалдырмай қоймайды.
1930 жылдардағы Шұбартау, Созақ көтерілістерінің қайсысын алмасаң да, олардың барлығы да отаршылдыққа қарсы бағытталды. 1986 жылғы Желтоқсан ұлттық қозғалысы да сол көтерілістердің заңды жалғасы еді. Тоталитарлық тәртіп өз халқынан митингілерде, мерекелік шерулерде билеуші партияның саясатын қолдап, қолпаштауға бағытталған бірауыздылықты талап етті. «Тоқыраудың» соңғы жылдары халықтың тоталитарлық тәртіпке деген үнсіз қарсылығы ерекше күшті еді. Алайда, Алматыда үнсіз наразылықтың бет-пердесі аспанға бірақ ұшты. «Қайта құру» кезеңі ішінде үстемдік режим тұңғыш рет күллі жүйенің сыр бере бастағанын байқайтындай өте бір өжет қарсыласуға килікті. Оқиға салдарын жою үшін Кеңестік тәртіп аппараты барын салып бақты. Қорқытты, үркітті. Көтерісшілер қатаң жазаланды. Көпшілігінің өміріне де, көңіліне де жазылмас жара түсті. Ләззат, Сәбира, Қайраттай гүлдеріміз ерте солды. Олар желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпынған, шындық жырын жырлаған, халқымыздың жас өркені еді.
Тәуелсіздік үшін күрес бір сәт те толастаған емес, ол теңіз толқыны сияқты қат- қабат жарға соғып жатты. Кеңес тарихы болса олардың әрбір толқынын бір-бірінен айырып алып, аймақтық оқиғалардың қатарына жатқызды. 1916 жылғы ұлт-азаттық төңкерісі де осы тұрғыдан қаралып келеді. Ал шындығында 1916 жылғы оқиға империяның бүкіл шығысында болды. Ол сонау Азия, Африка, Оңтүстік Америкадағы ұлт-азаттық қозғалыстардың ешқайсысынан кем емес-ті. Аумалы-төкпелі аласапыран заманда, арпалысып өткен адамзат ғұмырында ұйыса, қанаттаса жүрген халықтардың Жер-Анадан қоныс тауып, құт мекенге айналдырған шекаралы, шекті аймағы қалыптасқаны мәлім. Бірінікі шөлді болар, бірінікі көлді болар, бірінікі нулы болар, бірінікі сулы болар ─ әйтеуір, кіндік кесіп, кір жуған жер әр адамда болатындығы айдай анық.
Халқымыздың ғасырлар бойғы арманын жүзеге асырған Қазақстан тәуелсіздігіне 15 жыл! Ал сол Тәуелсіздік тұғырына жету жолында талай жыл күреспен арпалысып келдік. Иә, дана халқымыз бірлік болмаса тірлік болмайтындығын бекер айтпаған. Бірлік болмай, патшаның отарлық саясатының қыл бұрауы мойынға мықтап түскенде ғана, халық өзінің кешегі азат өмірінің көзден ұшқанын аңғарады. Тек аңғарып қоймай, кешегі даланы еркін жайлаған халық атқа қонды. Кенесарыдай батыр бабамыздың бар мақсаты ─ елінің тәуелсіздігі еді. Сол тәуелсіздік жолында өз өмірін құрбан етті .Сын сағатта өз мүддесінен ел мүддесін жоғары ұстады. Наурызбай, Ағыбай, Басығара, Жоламан батырлар да Кенесары хан қозғалысын қолдап, оны пір тұтты.Талай жылға созылған осы күрес халықтың әлі де сойыл ұстап, жауға аттанар ерлері барын танытты. Исатай мен Махамбетті де ереуіл атқа ер салдырып, егеулі найза қолға алдырған, еңку-еңку жер шалдырған, темір қазық жастанып, беркініп садақ асындырған, біртіндеп жауды қашырған да сол, ұлы жол, азаттық жолы еді ғой!
Қорыта келгенде, өзімнің негізгі мақсатым бабаларымыздан бізге жеткен асыл мұраның тарихын таныстыру, оны әрі қарай зерттеу қажеттілігі және келешек ұрпақ үшін сақтау мақсатымен шамам келгенше ғылыми тұрғыда баяндадым. Менің бұл еңбегім өзімнің әріптестерімді және ғалымдарымызды қызықтырады деп ойлаймын.
Меркі тауындағы Түркілердің тас мүсіндерін алғашқы рет археолог- ғалым А. Досымбаева есепке алумен бірге археологиялық қазба жұмысын жүргізді.[6] Ежелгі заманнан бізге жеткен бұл тарихи мұралар қазақ жеріндегі өте сирек кездесетін біргей ескерткіш ретінде танылып, әлемдік тарихи, табиғи мұралардың қатарына енді. Бұл өңірдегі Түркілердің жазғы жайлауындағы тас мүсіндер негізінен үйілген тастарға орнатылған әйел- еркектердің көпшілігі қолдарына ыдыс ұстаса, ал кейбіреулерінде ыдыс кездеспейді. Бір жарым мың жылдық тарихы бар Меркі тауының төріндегі Түркілердің ертедегі ғұрыбы бойынша орналасқан ескерткіштердің бір аймақта тығыз топтаса орналасуы, сөз жоқ, бұл өңірді аруағы киелі деп, жылдың әр кезінде тасаттық беріп тұрған. Осы аймақтағы тас мүсіндердің ішіндегі әйел балаларының бейнесінің көп кездесуі Түріктердің ертеден-ананың бейнесіне бас иіп аса құрметтегені тарихтан белгілі. Олар ананы- ананың анасы, от басы мен бала шағаның қорғаушысы, жебеушісі деп қадір тұтқан. Міне, осындай Ұмай ананың тасқа салынған бейнесі Жуалы ауданы Билікөл көлінің түстік жағынан табылды. Демек ана бейнесі ғасырлар бойы ұрпақтан- ұрпаққа мұра ретінде тастарға бейнеленіп, оның аруақтарына бас иіп құрметтеп отырған екен.
Көне түріктердің діни нанымдарының бірі – отбасы мен балалардың қорғаушысы және жебеушісі- әйел құдайы Ұмай болды. Жалпы Ұмайға табыну Алтайдағы түркі халықтарының басына орнатылған ескерткіштерден көруге болады. Міне, мұндай басында үштік тажы киген тас мүсін Жуалы ауданы Билікөл көлінің маңынан табылған. Бұл тас облыстың тарихи- өлкетану «түріктердің тас мүсіндері» деген мұражайында сақтаулы тұр. Соңғы кездердегі Қазақстан археологтарының зертеуі бойынша Жамбыл облысы Меркі мен Байзақ аудандарының аймақтарынан басында үштік тажы бар екі тас мүсін табылып, ежелгі көшпенді тайпалардың емдеушісі бақсылардың кейпін білдіретін тас мүсіндер деп дәлелденіп отыр.
Тарихта Түрік қағанаты 552 жыл Алтайда мемлекет ретінде іргесін қалаған соң ұлан-ғайыр жатқан қазақ жері осы қағанаттың қарамағына кірді. Шығыс пен Батысты байланыстыратын Ұлы Жібек жолын бақылау жасап, көрші елдермен сауда- саттық дипломатиялық қатынас жасап, беделі күшейе бастады. Өлкенің негізгі діңгегіне айналған ірілі-ұсақты қалалар пайда болып, қолөнершілік кәсіп пен егіншілік дамып, сәулет өнерінің ірі орталықтарына айналды. Осы кезде үлкен бекініс орындары мен қалаларда буддизм, манихейство, христиандық, зороастризм, бертін келе ислам діні тарайды, ал далалық жердегі көщпелі халықтың арасында бабалар әруағына сиыну күшті болды.
Халқы мен елінің бүкіл әлемдік процестегі алар орнын, бүгінгі күннің болмысын жете ұғынуға талпынған адамға - өз халқы өмірбаянының беттерін парақтай отырып, өткен заман оқиғалары мен құндылықтарына, өзінің тарихи тегіне зер салып, ой елегінен өткізу қасиеті тән. Бұрынғы ұрпақтардан мирас болған бай мәдени-тарихи мұралардың бірегей саласы түркі дәуірінің тас мүсіндері болып табылады. Ғасырлар қойнауынан жеткен бұл ескерткіштер шын мәнінде ғажайып әсер қалдырады. Бүтін бір халықтар мен мемлекеттердің гүлдену мен құлдырау кезендерін бастан өткерген, тарихтың бізге беймәлім жұмбақ сырлары тұнған бұл мұралар қазақ халқы ата-бабаларының өткен өмірінің тілсіз куәгерлері болып қала береді.
Қазақ халқы жоңғар басқыншыларымен жан алысып, жан берісіп соғысып жатқанда Ресейдің І-Петр патшасының әскерлері жерімізді шетінен кертіп қалалар салып, жыландай жылжып сұғынып келе жатты. Омбы, Орынбор, Павлодар, Семей, Өскемен қалаларынан соң орыс отаршылары XIX ғасырда Жетісуға жетіп, 1854 жылы ежелгі Алматы кентінің орнына Верный бекінісін тұрғызды. Ал, бұдан бір жыл бұрын Орынбор жақтан генерал Перовский басқарған орыс әскері қоқандықтардан Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) қаласын басып алған болатын. «Тәбет тамақ ішу барысында келеді» деп білетін қомағай Ресей отаршылары енді Талас, Шу аймағына, одан әрі Орта Азияға көз аларта бастады. Бұл кезде Оңтүстік Қазақстанды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Қоқан зекетшілері жәй мал-мүлік салығын былай қойып, мұсылмандықтан безіп, көңіл көтеру үшін әр ауылдан бір қыз бересің деген адамгершілікке жатпайтын салық ойлап шығарды.
Ерте және орта қола кезеңдерінде, яғни б.з.д. 1 мыңжылдық басында андроновшылар отырықшы болды. Аралас шаруашылықпен айналысқан. Малды үй іргесіне бағу нәтижесінде жайылым тез тозған. Сондықтан жайлаулық тәсілді ойлап табады. Бұл көктем, жаз айларында жастар мен ер адамдар алыс жайылымға малды айдап әкетсе, отбасылары егін өсірумен айналысты.
Ежелгі кеншілер. Кен өндіру б.з.-дан үш мың жыл бұрын пайда болды. Мысалы, Жезқазған осы кезде-ақ кен өндіріле бастады. Олар кенді тотықтандыру, қайлалау, отпен өндіру әдістерін меңгерді. Сондай-ақ әрбір отбасы өз ыдыс-аяқтарын өздері жасады. Әйелдер саз балшықты әзірлеп, одан ыдыс-аяқ істеп, оларды ошақтағы отқа, кейде таспен қоршалған шұңқырға алаулатып күйдірген. Ыдыстар әртүрлі сызықтармен, геометриялық ою-өрнектермен әсемделген.
Орталық Қазақстандағы андронов мәдениеті. Бұл өңірден көптеген мекендер, қорымдар, көне рудниктер, құрбандық орындары, петроглифтер. Орталық Қазақстанның андронов мәдениетіне тән сипаты-оның мазарларының күрделілігі, тас өңдеумен байланысты құрылыс техникасының жетіле түскендігі. Ертедегі Нұра кезеңі -жерлеу салтында кремация (мәйітті өртев) басым болған. Мәйтті табытқа салып қою рәсімімен де жерлев кездеседі. Керамика ыдыстар жоғары жағы ғана әсемделеді. Қабір ішінде мәйітпен қатар үй жануарларының сүйектері де табылған.
Жаңа тас ғасыры - неолит - бұл дәуірдің басы шамамен б.з.б. 7 мыңжылдық-2 мың жылдық басы. Тас өңдеудің тегістеу, бұрғылау түрі пайда болды. Басты белгісі - табиғаттың дайын өнімдерін пайдалану орнына, өндіретін шаруашылық, яғни мал шаруашылығы мен егін егу пайда болды. Қыш құмыра, тоқымашылық пайда болды. Қазақстанда 600-ден астам неолиттік, энеолиттік ескерткіш бар. Неолиттік тұрақтар орналасу сипатына қарай бұлақтық, өзендік, көлдік, үңгірлік болып 4-ке бөлінеді. Бұлақтық тұрақ көп тарады. Үй малдары пайда болды. Жылқы. От жағу пайда болды. Ескерткіштері -солтүстік Қазақстанда, Есіл өңірінде - Атбасар мен Торғай үстірті -маханжар неолиттік мәдениет; оңтүстік Қазақстанда - Қараүңгір үңгірінің неолиттік тұрағы. Атырауда Шатпакөл; Құлсары 1-5; Маңғыстауда Бозащы түбегі (Шебір), орталық Маңғыстауда Түйесу (Сенек 1,4).
Тас дәуірі палеолит, мезолит және неолит болып үшке бөлінеді. Әуелгі палеолиттің өзі үш дәуірге бөлінеді. Олар олдувай (2,6 млн.-700 мың жыл бұрын), ашель (700 мың -150-120 мың жыл бұрын) және мустье (150-120 мың -31-30 мың жыл бұрын) дәуірлері. Тас құралдарының мынадай түрлері болды: шапқылар, қырғыштар, үшкір тастар, пышақтар.
1913 жылы “Қазақ” газетінің, 8 және 15 желтоқсандағы сандарында “Емле хақында” деген тақырыппен медресе “Ғалияның” 17 шәкірті, атап айтқанда Әбілғазы Иманбеков, Бекмұхамет Хұсайынов, Ахметжан Күзембаев, Ғайса Тоқтарбеков, Шаһмардан Ғұмаров, Нұғыман Манаев, Камалидден Жайсаңов, Ғаббас Қоңқаев, Нұржан Елепов, Хамза Ибрагимов, Мұнарбек Ермектасов, Мырзахмет Қожақланов, Зәкір Ғабдуллин, Маннан Тұрғамбаев, Молдахмет Ержанов, Қапан Ғабдылкереев, Хұсайын Ажаров қол қойған мақала жарияланды. Ол негізінен Ахмет Байтұрсыновтың араб алфавиті негізінде қазақ тіліне лайықталып, ықшамдалып күні бүгінге дейін қолданып келе жатқан өміршең де ыңғайлы төте оқу жазуы – сұлу жәдит емлесін кеңінен қолданып, қазақ мектептерінде дәйекті оқыту жайына тоқталған ойлы мақала болатын. “Сендер өздеріңе әліппе жасап алайық деп жүрсіңдер. Бізде оқып жүрсендер де қазақ даласына алақтай қарайсыңдар, біздің оқу-білімімізді өздеріңе ыңғайламақсыңдар. “Ғалия” татар медресесі болғандықтан, татар тілінен басқаларға жол жоқ”, деп татарды “айрықша жақсы көретін” екі шәкірт медресе оқуханасында жатқан “Садақ” журналының 1913 жылдың күзінде шыққан 2 нөмірін жыртып-жыртып, дәретханаға апарып тастапты. Бұған ызаланған қазақ шәкірттері біраз қызылшеке болып, қол көтерісіп қалған сәті кездесіпті. Жастардың қызбалығы медреседе біраз дүрбелең туғызыпты. Басшылықты да, ұстаздарды да ойландыра бастаған шақта “Садақтың” үшінші саны 1915 жылы 20 қарашада әзер шығады. Сол жылдың 23 желтоқсанында “Қазақ” газеті “Ғалияның” 34 шәкірті қол қойған “Қазақ тілінде оқыту жайында” атты ашық хат жариялады. Бұл ұсыныс жағдайдың ушыға түсуіне апарып соқтырды. Өйткені “қазақ балаларын оқытып жатқан мұғалімдеріміздің қазақша оқу құралдары бола тұрып, ноғай тілінде жазылған оқу құралдарын алдыруларын көреміз. Бұл қазақ балаларын оқытып, бір нәрсе білдіру үшін “барынша қазақша оқу құралдарын һәм қазақ емлесін қолдану тиіс” деген талап түрік тектес ағайындарды татар тілі мен әдебиетімен “азықтандыруға” жан салып жүргендердің “жынына” тиді. Оны аңғару онша ұзаққа созылмады.
Биыл “Ғалия” медресесінің 100 жылдық мерейтойы болайын деп жатыр. Оның орнына өмір сүріп жатқан Ресей ислам университеті жер-жерге сауын айтып, конференцияға шақыру жіберуде. Маған келген хатта: “Татар, башқұрттан кейін көп оқыған қазақ жастары, сондықтан баяндама дайындай келіңіз”, деген өтініш те бар.
1905 жылғы бірінші орыс революциясынан кейін аз-маз еркіндіктің шеті көрінгенде сонау Қырымда Исмаил Гаспринский (Гаспралы) өзінің “Тәржиман” газеті арқылы жадидизмді насихаттап, жаңаша оқу жүйесін, яғни бірыңғай Құран уағызын жаттата бермей дүнияуи білім алуға үндеді. Осы жаңа бағытты Ресей империясы қол астындағы мұсылмандар жұртында алғаш жүзеге асырған Зиядрин Әл-Камали деген ағартушы болды. Бұған діндарлар қарсы болып, талай қиястықтар да жасады, аяқтан да шалды. Бірақ жаңаның жеңетін заңдылығы бұл салада да анық көрініп, 1918 жылға дейін өмір сүрді.
Қолжазба “Садақ” журналын Уфадағы “Ғалия” медресесінде оқып жүрген қазақ жастары 1915-1918 жылдары шығарыпты дегенді 1952 жылы адал жүрек ақын, атақты “Әли қарттың әңгімесі” поэмасы үшін “жемеген таяғы жоқ” Жақан Сыздықовтан естіп ем. Басылымды іздеу барысында талай қызыққа да, қиындыққа да батқаным 1986 жылы шыққан “Садақ” атты хикаялы эссеме негіз болды. Баспаның сол кездегі қырағы редакторлары, басшылары “Садақты” тілге тиек етіп, бүкіл қазақтың интелектуалды дүниесін ақтарып кетіпсің, “қажетсіз” оқығандарды, зиялыларды атапсың деп кітаптың жартысына жақынын қысқартып тастаған болатын. Тәуелсіздік қолымызға емін-еркін тиген уақытта “Сандалтқан “Садақ” есімді ғылыми-деректі шытырман хикаяны Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің бағдарламасы бойынша 2002 жылы шығарғанда “Фолиант” баспасы көлемі үлкен екен деп автормен ақылдаспай үштен бір бөлігін алып қалыпты. Ол тарауларда медресе “Ғалияны” бітіріп келгендердің игілікті істері, артында қалған ұрпақтарының әке-аталарының жүз жылдығын атау рәсімдері және жаңадан табылған мәнді құжаттар, яғни қазақтың зиялылығын танытатын бөлігі алынып қалыпты. “Өзі болмаса да көзі” деген атпен жалғастырамыз деп уәде беріп еді, осы күні сөздің шындыққа айналуы қиын болып бара жатқандықтан тиянағы әзірге көрінбей тұр.
Әңгімеміздің басында біз екі тағылымды ежіктеп айтқан едік. Үшінші тағылым, Әбілқайыр ханның өз бауырлары қолымен өлтірілгеннен кейінгі ел игілерінің қалыптасқан саяси ахуалдан шығар жолды іздестірудегі қадамдарынан шығады. Мұрағат деректері қанды оқиғаға тікелей жауапты Барақ сұлтан болғандығын айғақтаумен қатар, ішкі қырғынға итермелеуші И.И.Неплюев екендігін де дәлелдейді. “Бөліп ал да, билей бер” саясатын іс жүзіне асырған Ресей, оның артынан Кіші, Орта жүздердің өзара таласын қоздыруды көздесе керек. Бізге маңыздысы Әбілқайыр өлтіріліп, елі жоқтағанымен, Барақ әрекетінің қазақтар арасындағы бірлікке, ынтымақтастық пен туысқандыққа сызат түсіре алмауы. Бұл арада Қазыбек бидің Бараққа: “Біз сен үшін Кіші жүзбен айтыспаймыз” (ОрОММ, 3 қ., 1т., 2 іс, 248-249 пп.) немесе Жәнібек тарханның: “Сен (Бараққа – Ә.М.) атақты және бас ханды өлтірдің, енді қашып құтылуға болмайды. Ең дұрысы Орта, Кіші жүздер ортасына көшіп келіп, әкесіз қалған, Орынбордағы аманатта қалған Айшуақ сұлтанды өз балаң Шығаймен ауыстыр” деген пікірлері ел игілерінің болашақтағы қазақ жайын ойлаудан туғандығын атап өтеміз. Кезінде мұны В.В.Вельяминов-Зернов: “Жәнібек тархан Түркістаннан Барақтың қызы мен ұлын өзіне алып келді. Мақсаты – араздасушы екі жақты құдандалы етіп табыстыру”, деп оң бағалаған-ды (Вельяминов-Зернов В.В. Исторические известия о киргиз-кайсаках и сношениях России с Средней Азии со времена кончины Абулхаир хана (1748-1765 г.г.)// Оренбургские ведомосты. 1853, № 5, С. 43-48). Яғни Әбілқайыр қаншама айбарлы хан, бас қолбасшы, ел тірегі қаза тауып, ішкі тартыс енді өршитіндей көрінгенімен, басты қорытынды елдің іргесінің сөгілмеуінде жатыр. Кеше де, бүгін де мәңгілікке елдігін сақтамақ болған халықтың басты мұраты да осында.
Мақала тақырыбын “Басқаның патшасының бәрі жақсы, неліктен біздің хандар жаман болған?..” деп атақты Ғафаң, Ғафу Қайырбеков ағамыздың өлең жолдарынан шығарып отырғанымызды енді түсінген боларсыздар, құрметті оқырман. Бабаларымыз “жаман” болмаған. Оны олай дегізіп келген солақай саясат, деректерді бұрмалаушылық. Енді одан арылайық. ”Қорыта келгенде, Әбілқайыр хан тарихы бүгінгі егемен еліміздің тар жол, тайғақ кешу кезеңіндегі жүріп өткен жолы. Одан сабақ алу, бар өмірін қазақ жауларын тұқыртуға арнаған, ат үстінен түспеген тұлғаның ұлан-байтақ халқымыз бен территориямыздың тұтастығын сақтаудағы рөлін мойындау, ұрпаққа үлгі ету, ұлықтау маңызды. Тарих тағылымы соны дәлелдейді.
Оған төмендегі дәлелдемелерді келтіруге болады. Біріншіден, қазақтар орыс бодандары қалмақ, башқұрттар секілді алым-салық төлемеді. Ресей оны талап ете де алмады. Екіншіден, Әбілқайыр хан тірісінде хандықтың ішкі, сыртқы саясатына Ресейдің ықпалы жүрмеді. Үшіншіден, қазақтың ішкі басқару жүйесіне орыс өкіметі араласа алмады. Төртіншіден, Кіші жүз қазақтары солтүстіктегі, батыстағы жайылымдар үшін қалмақ, башқұрт, орыс казактарымен күресті тоқтатпады. Ол арада Ресейдің оларды өзара айдап салуға айласы жеткенімен, қазақ қолдарын Саратовқа дейін тоқтата алмады. Мәселен, қазақтар 1737 жылы 2 ай бойына Ресейге “адал” башқұрттарды шауып, өзіне бағындыруға ұмтылса, 1739 жылы қыркүйек айында Мәскеу жолындағы керуендерді талқандады. Содан қазақтардан қорғану үшін Орынбор комиссиясының басшысы В.А.Урусов Самара мен Орынбор аралығына 2 зеңбірек пен қарулы жасақ шығарды (ОрОММ. 2қ., 1т., 6 іс, 35-36 пп). 1746-1747 жылы Әбілқайыр ханның өзі қол бастап Ресейдің ішкі губернияларына шабуыл жасады. Ал 1747 жылдың қысында теңізден өтіп, Жайық форпостарындағы казак орыстар мен қалмақтар мекендерін жойды. Орыс зерттеушісі В.Н.Витевский осы шабуылды қазақтардың “ұлы қырып-жоюы” деп бағалады. Бесіншіден, Ресей Әбілқайыр сұраған қару-жарақ, әскерді ешқашан да берген емес. Ал, қалмақ, башқұрттарды қай кезеңде де қаруландырып, біздің халқымызға қарсы салып отырды. Соған қарағанда Ресей қазақтарды “боданым” деп жар салғанымен, оған өздері де сенбеген.
Сонымен Әбілқайыр хан башқұрттар қаупінен сақтану үшін Ресейге бас иді дегенге кім нанады? Сол мақсатта “орыс бодандығын” қабылдады дегенді қалай түсінеміз? Ұлан-байтақ даланы билеп-төстеген, өмір бойы еркіндікті биік тұтқан көшпелі бабамыз бір күнде “бодандықты” қабылдады, оған басты кінәлі Әбілқайыр дегеніміз ақиқатқа жата ма? Өкінішке қарай, бұған да жауапты Ресей мұрағаттарынан іздейміз. Ондағы барлық құжатта “бодандық” жөніндегі келісім тайға таңба басқандай етіп көрсетіледі. Орыс мұрағатындағы М.Тевкелевтің жазбасында Әбілқайыр ханның “бодандықты” жалғыз өзі өзге хан-сұлтандардың келісімінсіз қабылдағандығы, оның жанында табын Бөкенбай, тама Есет батырлар болғандығы, старшындар мен қазақтардың көпшілігінің “бодандыққа” өшпенділігі ашық жазылған. Қазақтар тіпті М.Тевкелевтің өзін бірнеше рет өлтіруге әрекет жасаған. Ел игілері М.Тевкелевке Әбілқайырдың Ресеймен мұндай келісіміне Халық Кеңесі рұқсат етпегендігін жариялаған. Орыс елшісінің сөзіне сенсек, қазақ даласында 2 жылдай жүріп, түнделетіп, жанына Әбілқайырдың баласы Ерәлі сұлтанды, Нияз сұлтанды ертіп орыс патшасымен кездестіруге уәде беріп аттанады. Сонымен, Ата Заңды, яғни Халық Кеңесінің шешімінсіз саяси келісімінің жүзеге аспайтындығын жақсы білетін Әбілқайыр шынымен “бодандықты” көздеді ме, әлде тарихи құжат арқылы оқырман қауымды арнайы адастырған орыс саясаты ма? Біздіңше, әскери одақ, тиімді келісім, бейбіт көршілік іздеген Әбілқайырдың түсіне кірмеген “бодандықты” тықпалауды тоқтататын мезгіл жетті. Ол ешкімге, соның ішінде қазаққа енді пайда әкелмейді. Қазақтың Ресейге бодандығы қанды күрестің жеңілісі ретінде ХІХ ғасырдың екінші жартысында жүзеге асты. Бірақ ол да толыққанды болды деу қиын.
Шындығын айтуға тиіспіз, кешегі кеңестік тарих ғылымы қазақ тарихын негізінен орыс деректеріне арқа сүйеп жазды. Деректердегі Ресейге қарсы әрекеттер, мәліметтер үнемі біржақты қарастырылып, отарлыққа қарсы күрестің түп тамыры хан-сұлтандардың әрекеттерінен, қазақтардың өзара күресінен, әлеуметтік-экономикалық артта қалушылығынан іздестірілді. Ұлт-азаттық күрестердің аясы әдейі тарылды. Осындай жағдайда Әбілқайырдың қоғамдық-саяси қызметі толыққанды жазылуы да мүмкін емес еді. Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуі Ресей мұрағаты деректерін қазақ шежірелері, фольклоры материалдарымен салыстыра пайдалануға жол ашты. Бұған қосымша қытай деректері мен шетел авторлары еңбектерінің қолға тиюі тарих ғылымын құнды мағлұматтармен байытты. Бұл жағдай Әбілқайыр хан туралы соны тұжырымдар жасауға негіз қалап отыр.
Қарама-қайшылыққа толы Әбілқайыр заманын біржақты бағалау сонау XVІІІ ғасырдың өзінде-ақ басталған. Оның негізін ресми орыс әкімшілігінің шенеунігі И.И.Неплюев қалаған болатын. Оның пікірі барлық орыс зерттеушілері мен тарихшылары еңбектерінде еш талдаусыз-ақ пайдаланылып, Әбілқайырдың орыс отарлауына қарсылығы “оның бас хандыққа таласуы” және қазақтар арасындағы араздықты басты ұйымдастырушы ретінде қарастырылды. Мәселен, Әбілқайырмен замандас, 1734 жылдан Орынбор экспедициясында қызмет еткен П.И.Рычков өзінің “Топография Оренбургской губернии” еңбегінде қазақтарға жоңғарлар мен башқұрттардың қысымы күшейіп тұрған кездің өзінде-ақ қазақ билеушілері арасындағы “ақылдысы, әрі тез шешім қабылдайтын адам – Әбілқайыр”, екендігі мойындалғанымен, Ресейге қарсы түрлі әрекеттерге барып, халықты оған қарсы қоя білді және оның жоспарлары мен жауыздық әрекеттері “Орта жүз билеушілерін де ренжітті” деп түйінделген. Ал, Орынбор губернаторы И.И.Неплюев болса, ашықтан-ашық өзінің осы өлкедегі қазақтар бағытындағы саясатына қарсы шыққан Әбілқайырды 1742 жылы 27 қыркүйекте Ресейдің Сыртқы істер коллегиясына жолдаған хабарламасында “Әбілқайыр ханның адалдығына келер болсақ, бізде баласының (Қожахмет.– Ә.М.) аманатта болғанына қарамастан, оған еш сенуге болмайды, ол алдаушы және тәкаппар адам” деп жеткізсе, келесі бір құжатта қазақ ханын Ресейге “ұлы қастық ойластырушы” дейді. (Казахско-русские отношения в XVІ-XVІІІ веках. Сборник документов и материалов. А, 196. С. 254, 393).
XVІІІ ғасырдағы зерттеушілер П.И.Рычков, ХІХ ғасырдағы ғалымдар А.И.Левшин, Л.Мейер, В.Н.Витевский, А.И.Добросмыслов, ХХ ғасырдағы кеңестік тарихшылар А.Ф.Рязанов, М.П.Вяткин, Н.Г.Аполлова, П.Е.Матвиевский, Е.Бекмаханов, В.Я.Басин, А.Сабырханов, қазақстандық И.В.Ерофеева, К.Л.Есмағамбетов, Ж.Жақсығалиев, Ж.Қасымбаев, С.М.Мәшімбаев... Міне, осылай Әбілқайырды зерттеушілер тізімі жалғаса береді.
Қазақ тарихында бір тарихи тұлғаға осынша қалам тартқандар болған емес. Соған қарамастан соңғы жылдары Әбілқайырмен тұстас, тағдырлас ағалы-інілі буындар — Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Бөкенбай, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Райымбек батырлар, Жәнібек тархан, Абылай хан аттары жиі-жиі аталып, тәуелсіз еліміздің тарихына қосқан үлестері айшықталып, ұрпаққа үлгі ретінде насихатталып жатқан тұста олардың қатарынан оның көрінбей, шетқақпай қалуы неліктен?
Қазақ тарихындағы күрделі тұлғалардың бірі — Кіші жүз ханы Әбілқайыр. Бүгінге дейін оның қоғамдық-саяси қызметі, тарихи портреті сан мәрте талқыланып, сан қырынан зерттеліп, ой елегінен өткізілгенімен нақты бағасын ала алмай келеді.
Кеше ғана қазақты жоңғар жұтуға шақ қалғанда үш жүздің ығайы мен сығайын, хандары мен сұлтандарын, батырлары мен билерін мойындатып бас қолбасшы сайланып, жауын талқандап, кейін қашырған, еліміздің батысы мен солтүстігіндегі қалмақ пен казак орыстан, оңтүстігіндегі Бұхара, Хиуа, түркімен, қарақалпақтан еш тайсалмаған, көршілес башқұрт елінің хан тағына шақырылған жалғыз қазақ – Әбілқайыр тарихы осыншама неге 300 жылға жуық мерзім бойы пікірталас нысанына ұласып келеді?