«Айбын» ордені 1995 жылы бекітілген әскери орден. Қазақстан республикасының қарулы күштерінің шекара және ішкі әскерлерінің әскери қызметшілері, сондай-ақ прокуратура ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер қызметкерлері әскери даярлықта қол жеткізген жетістіктері, әскери жаңа техниканы игергені, заңды, қоғамдық тәртіпті бұлжытпай сақтағаны, халық мүддесін қорғаудағы адалдығы үшін, әскери және қызметтік міндетін орындауда көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы үшін, төтенше жағдайда қылмысқа қарсы жасаған жанкешті әрекеті үшін марапатталады. «Айбын» ордені үш дәрежеден тұрады. «Айбын» орденінің І-ші және ІІ-ші дәрежесімен кіші және ортаңғы буын офицерлер қатары марапатталады, «Айбын» орденінің ІІІ-ші дәрежесімен матростар, сержанттар, старшиналар, прапорщиктер және мичмандар марапатталады.