Қырғыз (Қазақ) АССР ОАК-нің 1923 жылғы 22 қараша күні қабылданған арнайы Декреті негізінде «мемлекеттік аппаратты қырғыздандыру (қазақыландыру) және тұрғылықтандыру» науқаны басталған болатын. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттік мекемелерді ұлттық кадрлармен жасақтау және қазақ тілін іс қағаздарын жүргізуге ендіру деп жарияланды. 1924 жылдың 26 маусымында ҚазКСР-інің Еңбек Халық Комиссариаты жер-жерге «орыс қызметкерлерін қазақ немесе қазақ тілі мен жазуын білетін қызметкерлермен алмастыру жөнінде» хат жіберсе, сол жылдың 5 шілдесінде «Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда қазақ тілінде іс жүргізуде жұмысшылар мен қызметкерлердің санын молайту және қазақ тілі мен жазуын білетін мамандармен алмастыру тәртібін күшейту жөнінде» қаулы қабылданды. Бұл екі құжатта да аталмыш шараларды жүзеге асырудың нақты жолдары көрсетілген. Мәселен, «белгілі кәсіпорындағы қызмет орнын қысқарту – ол адам қазақ тілін білмеген немесе сол істі жүргізе алмаған жағдайда ғана болады» деген нақты тапсырмалар бар. Соның нәтижесінде жиырмасыншы жылдардың соңында «Ембімұнайдағы» қазақ жұмысшыларының саны 51,6 пайызға, Қарсақпайда – 48 пайызға, «Одақалтында» («Союззолото») – 39 пайызға, «Қазақкөмірде» 58 пайызға жаткен… Бірақ осының өзіне БКП(б) Өлкелік комитеті жүргізген рейдте қанағаттанбаушылық білдіріліп, «Ұлыдержавалық шовинизм қазақтарды өндіріс пен аппаратқа тарту ісін тежеп отыр» деп, 15 баптан тұратын қаулы қабылдаған. Онда көптеген нақты шаралармен қоса, тіпті, қазақ тілін үйренуден бас тартақандарға жаза қолдану қажеттілігі де ескерілген. Бұл ретте БКП(б) Өлкелік комитетінің 1932 жылғы 15 сәуірдегі «Өндірісті жергілікті ұлт өкілдерімен қамтамасыз етудің кезекті міндеттері туралы» қаулысы да маңызды. Онда өндіріс орындарындағы барлық құжаттарды қазақшалау, «Көпшілік арасындағы техника» («Техника в массе») атты қазақша журнал шығару, жұмысшы қазақтардың техниканы меңгеруіне көмектескендерге арнайы қордан материалдық жәрдем көрсету, өндірісте сауат ашудың, қазақ тілін оқыту жүйесін жасауды, мамандар бөлімдеріне 3 айдың ішінде ұлттық мамандар даярлаудың нақты жоспарын жасау, қазақ жұмысшыларының тұрмысын түзету міндеттелген. БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің 1933 жылғы 4 сәуірдегі қаулысы бұдан да пәрменді. Бұл қаулы бойынша 1933 жылы мынадай лауазымды мекемелердің қазақ тіліне көшуі жоспарланған: а) ҚазОАК; ә) Ағарту халкомы (Наркомпрос); б) Денсаулық сақтау халкомы; в) Әділет халкомы; г) Жұмысшы-шаруа милициясы. Аталған мекемелердің облыстық, аудандық бөлімшелері, әсіресе, басым көпшілігі қазақтар болып келетін аумақтардың барлығы іс жүргізуді қазақ тіліне көшіруі тиіс болған. Ал мүмкіндігі жоқ мекемелер уақытша екі тілде жұмыс істеуі қажет. Қазақтардың саны 40 пайызға жеткен аумақтардың барлығын қазақ тілінде іс жүргізуге көшіру көзделген… Осы қаулыда көрсетілген шараларды жүзеге асыруды ынталандыру мақсатында Қазақ КСР-і Орталық Атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесі бірлесіп, «Қазақ тілін білетін мамандарға жасалатын жеңілдіктер жөнінде» қаулы шығарған. … Онда алғаш жұмысқа кірген мамандардың негізгі жалақысына – 5, қазақ тілінде еркін сөйлейтіндерге – 10, ал іс жүргізе білетіндерге 15 пайыз үстеме төлеу белгіленген. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында қазақ тілінде дәріс оқитын ұстаздардың жалақысына 25 пайыз қосымша қосылған. Ал тілді толық меңгерген мамандарға КСРО-ның шеңберінде ғылыми іссапарға немесе 3-6 ай мөлшерінде біліктілігін көтеру курстарына баруға жағдай жасалған және бұл уақытта маманның отбасын пәтермен, тағы да басқа жағдайлармен қамту қарастырылған. Осындай ауқымды мәселелерді жүзеге асыру үшін сол кездің өзінде ҚАЗОАК Төралқасының жанынан Жергіліктендіру (коренизация) комитеті, қазақ тілі курстарының мемлекеттік комиссиялары құрылып, бар шаруа соларға жүктелген. 1934 жылы Орталық Атқару комитетінің «Қазақ мектептерінен басқа мектептерге қазақ тілін міндетті түрде оқыту жөніндегі» қаулысы осы мүддеге қызмет етті. Алайда 1942 жылы 1 тамызда аталған жеңілдіктерді қайтып алу туралы қаулы шықты. 1938 жылы 5 сәуірде «Қазақ мектептерінде орыс тілін мәжбүрлі оқыту туралы» арнайы қаулы шықты… … 1938 жылдың сәуір айында Қазақ КСР ОАҚ-нің «Ұлттық мектептерді қайта құру туралы» қаулысы қабылданды. Соған сәйкес Қазақстандағы ұлттық мектептер «буржуазиялық-ұлттық идеологияның ошағы, балаларды кеңес үкіметіне қарсы тәрбиелейтін мекеме» деп танылып, түгел таратылып жіберді… … Жергілікті ұлт уәкілдері тұратын аймақтарда да 1960-1980 жылдары ресми құжаттар мен іс қағаздары орыс тіліне түгелдей көшіп болды…
«Ана тілі», (20.10.05).
* * *
1955 жылы 4 маусымда Министрлер Кеңесі төрағасының Жарлығымен Қазақ КСР Оқу министрлігіне орыс тіліндегі мектептерді қазақ тілін міндетті түрде оқытудан босату жөнінде нұсқау берілді. … 1987 жылы Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесі 3 наурызда қабылдаған орыс тілі мен қазақ тілін оқытуды жақсарту жөнінде екі қаулы шықты. Ал 1989 жылы 15 тамызда осы қаулыларды орындау жөнінде қосымша шаралар туралы тағы екі қаулы қабылданды. Бұл қаулыларда қазақ тілін дамытуға белгілі дәрежеде бетбұрыс жасалғанымен, екі тілді жарыстыра қараған төрт қаулы да тиісті нәтижеге қол жеткізбеді. … 1989 жылы қабылданған «Тіл туралы» Заң – осы уақыттағы мемлекеттік құрылымымызда қоғамдық, саяси ахуалдың жемісі болды… Бірақ ол тілдерді дамыту шараларының қалай жүзеге асырылу керектігінің келешек жолдарын толық айқындай алмады. … 1996 жылы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл Заң әлдеқайда демократиялық ситпатта. Мысалы, орыс тіліне мемлекеттік мәртебе беру жағдайы: бұл бұрынғы одақтас республикалардың бірінде жоқ. Тіпті Балтық жағалауы республикалары, Түркіменстан, Армения және Украинада орыс тілі шет тілі ретінде саналады. Белорусь Республикасында ғана орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі.
* * *
1923 жылдың 22 қарашасында Орынборда тіл туралы алғашқы декрет жарияланып, қазақ, орыс тілдеріне бірдей мемлекеттік мәртебе берілді.
«Тіл және қоғам», № 1, 2004 ж.
* * *
1924 жылы 5 шілдеде Еңбек Халық Комисариатының «Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда қазақ тілінде іс жүргізуді енгізетін жұмысшылар мен қызметкерлердің санын молайту және қазақ тілі мен жазуын білетін мамандармен алмастыру тәртібін күшейту туралы» қаулысы шықты. 1926 жылы Орынбор қаласында (сол кездегі астана – Д.Д.) Тіл туралы алғашқы Декрет қабылданды. 1932 жылы Қазақ Орталық Атқару Комитеті (ҚазЦИК) мен Халық Комиссарлары Кеңесінің мекемелерді қазақ тіліне көшіру жөніндегі бірлескен қаулысы да жарияланды. 1937-38 жылдарда «елім, тілім» деген зиялы азаматтарымыз жаппай қуғынға ұшырағаны да белгілі, оның зардаптары да ерекше болды. 1941 жылы жоғарыдағы қаулыны қайта қозғау жөніндегі әрекеттер Ұлы Отан соғысы килігіп, іске аспай қалды. 1950-60 жылдардағы «Орыс тіліне неғұрлым тез көшсек, коммунизм солғұрлым тез келеді» деген Н.С.Хрущевтің шолақ саясаты жаппай орыс мектептерін ашып, орыс тіліне ерекше ден қойғызып, өзінің солақай әсерін тигізді. 90-жылдарға дейінгі кезең – КСРО көлемінде орыс тілі ұлы тіл ретінде санамызға әбден сіңіп, өз тілімізді құрдымға жібере жаздаған кезең болды. Бұл, әрина, мазмұны социалистік, түрі ұлттық мәдениет деген болашағы жоқ, аса жымысқы саясат жылдары еді…
«Салалық терминология: бүгіні мен болашағы», Астана-2005.
_____________________ Деректер мен дәйектер
• 1989 жылы 22 қыркүйекте «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Тіл туралы Заңы» күшіне енді. • 1989 жылы қазанда Республикалық «Қазақ тілі» қоғамының алғашқы құрылтайы өтті. • 1990 жылғы 28-30 мамырда Қазақ ССР Ғылым академиясы Ғалымдар үйінде «Қазақстандағы тіл саясаты және оны іске асыру жолдары» атты тақырыпта республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. • 1990 жылғы 22 наурызда апталық «Ана тілі» газетінің тұңғыш нөмірі шықты. • 1990 жылғы қараша айының екінші жартысында Парламент Мәжілісі «Тіл туралы» Заңның жаңа жобасын мақұлдады. • 1993 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанынан Тіл комитеті құрылды. • 1993 шілдеде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Әділет министрлігінде ресми тіркеуден өтті. • Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 23 мамырдағы Жарлығымен мақұлданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік сәйкестілігін қалыптастыру тұжырымдамасы» жарияланды. • 1996 жылғы 4 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен Қазақстан Республикасындағы тіл саясатының тұжрымдамасы мақұлданды. • 1997 жылғы 11 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңға қол қойды. • 1998 жылғы 8 қаңтарда ҚР Үкіметінің қаулысымен «Тілдер туралы заңдардың сақталуына бақылау жасаудың тәртібі туралы ереже» бекітілді. • 1998 жылығы 14 тамызда ҚР Үкіметінің «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы» қаулысы шықты. • 2001 жылғы 7 ақпанда Қазақстан Республикасының Президентінің №550 Жарлығымен «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді. • 2003 жылғы сәір айының бірінші жартысында Астанада Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы терминологиялық комиссияның (Мемтерминкомның) бірінші мәжілісі өтті. • 2005 жылғы 5 ақпанда ҚР Үкіметінің қаулысымен Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту департаменті Тіл комитеті болып қайта құрылды.
________________
Тіл туралы:дұрыс сөздер мен бұрыс сөздер
1-бөлім
…ДҰРЫС СӨЗДЕР
Тіл тәрбиесін бесіктен емес, бесікті тербеткен анадан бастау керек.
Халық даналығы.
* * *
… Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың, Белгісі боп бабам тілі сен қалдың.
М.Жұмабаев.
* * *
Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.
С.Сейфуллин.
О, Құдірет!
Менің тілім...
Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұ дүниеде қымбат не бар екен?! Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі. ... Еуропаның мейлінше бай мәдениеттерінің бірі ретінде қазақ тілі мен мәдениетін сапалы түрде игеруге дайын болудың да мәні зор.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті («Тарих толқынында» кітабынан).
* * *
… Кеңестік Ресей – досымыз, көршіміз, одақтасымыз. Бұл достыққа бүгін біз мұқтажбыз. Бірақ ертең не болырын ешкім де кесіп айта алмайды. Дәл Осман империясы сияқты ол да ыдырауы мүмкін. Бүгінгі уысына қысып ұстап отырған халықтар уысынан шығып кетуі әбден мүмкін. Әлем сонда бір тепе-теңдікке жетеді. Міне, сол кезде Түркия не істейтінін білуге тиіс. Осы «досымыздың» билігінде біздің тілі бір, наным-сенімі бір туыс бауырларымыз бар. Оларға қол үшін беруге дайын болуымыз қажет… Халықтар бұған қалай дайындалады? Рухани көпірлерін күшейте отырып дайындалады. Тіл – бір көпір, тарих – бір көпір, наным-сенім (дін) – бір көпір. Бүгін біз олардан тіл тұрғысынан да, тарихи байланыстар саласынан да ажырап, өте алыс қалып қойдық… Тілімізді солардың тіліне жақындатуға, сөйтіп бір-бірімізді оңайырақ түсінетін жағдайға жетуге тырысудамыз. Тарихымызды да соларға жақындатуға тырысып жатырмыз. Ортақ тарих жасаудың соңындамыз…
* * *
... Түрік ұлты өткендегі шексіз бақытсыздықтардың ішінде өзінің адамгершілігінің, дәстүрінің, естеліктерінің, мүдделерінің, қысқасы, бүгін өзін ұлт ретінде қалыптастырған барлық қасиетті тілінің арқасында сақталғанын көріп отыр. Түрік тілі – түрік халқының жүрегі. ... Түрік тілі – бай да ауқымды тіл, әр ұғымды беруге қабілеті бар. Тек оның бар игіліктерін іздестіру, табу, жинастыру, олармен жұмыс істеу керек. Түрік ұлтын және мәдениетіне тыс деп қараудың қандай жаман қате екенін бүкіл әлемге көрсетеміз! ... Түрік ұланы! Түріктің ұлттық мінезі асқақ. Түрік халқы еңбекқор. Түрік халқы – зерек халық... «Мен түрікпін» деген қандай бақытты. Түрік болып туғаныңа мақтан!
Ататүрік.
* * *
Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі.
* * * Қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек.
* * *
... Тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқыту тиіс.
Ахмет Байтұрсынұлы.
* * *
Бала өз ана тілінде тәрбиеленбесе, өз халқына қызмет ете алмайды.
* * *
Ана тілін жақсы меңгеріп алмай тұрып, өзге тілдерді түсіну мүмкін емес.
* * *
... Орыстың білімін алуға, өнерін білуге, жақсы жағын жаттауға еліктеу – дұрыс та, кәпірлігін, мақтаншақтығын, рақымсыз, қызықшыл, қалташыл, антшыл «суық» шенеуніктігіне еліктеу, ақсүйек болуға, салтанат түзеуге, тұрмысын, жүрісін, үй-ішін жат түрге салып, қазақтан қашыртуға еліктеу – үлкен мін, кемшілік. ...Қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды.
* * *
Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт – күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін қызмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Жапония, Англия, Түркиялар… олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі… Балаға бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек.
Жүсіпбек Аймауытов.
* * *
Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілі құри бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді.
* * *
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың Жауыз тағдыр жойды бәрін – не бардың! Алтын күннен бағасыз бір белгі боп Нұрлы жұлдыз – бабам тілі , сен қалдың!
Мағжан Жұмабаев.
* * *
Қазақша жазу – қазақ сөздерінің кез келгенін құрастыра беру емес.
* * *
Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнінде интеллигент емес.
Мұхтар Әуезов.
* * *
Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады. Тіл сөйлеу-сөйлесу, оқу-үйрену, жазу-сызу арқылы өседі. …Ешкімнің аулында тіл академиясы жоқ. Ана тіліміздің академиясы қазақ деген халық, көше жүрсе де, бытырай жүрсе де, оқымаса да ана тілін сақтаған…
* * *
Ана тілін аяқ асты етуден тыйылатын болайық! ... Бұл (қазақ тілі – Д.Д.) – бай тіл. Оралымды, ырғақты, теңеу-бейнелері ерте туған тіл. Пушкин, Лермонтов шығармаларын XIX ғасырда көп елдерден бұрын аударған тіл... Поэзияда Абай, Ілияс, прозада Мұхтар сияқты алыптар туғызған тіл.
* * *
Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді.
* * *
Тілден биік асқар жоқ, тілден асқан байлық жоқ, тілден терең теңіз жоқ.
Ғабит Мүсірепов.
* * *
Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды.
* * *
Тілден айырылған жұрт – жойылған жұрт.
* * *
Тілді бұзбай ұстарту, байыту – ақындардың мойнына артылған зор борыш.
* * *
Оңаша тұрған елдің өз еркінде тұрғанда тілі бұзылмайды.
* * *
Елдің тілін бұзатын көршілес елдердің мәдениетін үлгіге алған мәдениеттің әсері.
* * *
Елдің тілінің бұзылуына, ең алдымен, оқығандары себеп болды.
* * * Тілге кірген жат сөздер – сол тілдің заңымен өзгеріп, танымастай халге жетуі мүмкін. Бүйтпесе жат сөздер бұралқы болып, тілдің шырқын бұзады, тілге зиян келеді.
* * *
Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесе – бұл сүйініш, ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесе – бұл күйініш.
* * *
Арақ, шылым, аурулар адамның денесін бұзса, зорлықпен кіргізілген жат сөздер елдің түп қазығы болған тілді бұзады.
Халел Досмұхамедов.
* * *
Тіл – тек адамға ғана тән, аса құдіретті құрал. Сондықтан тілді қадірлеудің, әрбір сөздің мағынасын, мәнін ұғып, оны орынды пайдалана білудің мәні зор. … Көне сөздің бәріне күмәнді қарауға болмайды. Тіл – халықтың перзенті, ол адамзаттың тарихымен тығыз байланысты. Заманның талаптарына сәйкес әр уақытта жаңа сөздер пайда болады, кейбір сөздер пайдаланудан шығып қалып отырады. Сонымен қатар өзінің бастапқы мағынасын өзгертіп, жаңа мағынаға ие болатын сөздер де кездеседі. Бұл – барлық тіл атаулыға тән құбылыс.
* * *
Түркістанда түрік қалады. Оны жоғалту ешкімнің қолынан келмек емес. Біз бұған кәміл сенеміз. «Мемлекет аппараттарын ұлттандыру» жүзеге асырыла қалған күннің өзінде, біздің тіліміз өз жерімізде екінші орынға ығысады. Бұл ретте біздің ана тіліміз «ұлы орыстың рухани мәдениетін таратушы техникалық құралдың» рөлін ғана атқаратын болады…
Мұстафа Шоқай.
* * *
Ғашықпын қазақ тіліне. Осындай сұлу тілді қалай өгейсітуге болады.
* * *
Адамға ауа қандай үздіксіз керек болса, қалған өміріңде тіл де сондай қызмет атқарады.
Нұртас Оңдасынов.
* * *
Бір тілді білген – бір адам, екі тілді білген – екі адам.
* * *
Ана тіліңді біл, орыс тілін де және басқа тілдерді де біл, игер. Көп тілді меңгеру – мәдениеттіліктің белгісі, ғылым биігіне көтерілудің жолы, азаматтық саналылықтың, естіліктің, парасаттылықтың белгісі.
Құдайберген Жұбанов.
* * *
Біздің қазақ тілінде диалект жоқ екенінде ешкімнің таласы болмауы керек. Кейбір бар деушілер екі-үш дәлел келтіреді. Ерекше кәсібіне қарай кейбір аймақтарда басқа өңірде жоқ сөздер болады… Бірақ бұл – тіл шұбарлығы емес, тіл байлығы. … Бір затты әр төңіректе әр түрлі атайды. Бірақ келе-келе сол атаулардың ең күштісі, заттың тың мәнін толығырақ, нанымдырақ қамтитыны жеңіп шығып, сөздікте азаматтық право алады. … Бұл – кәдімгі дарвиннің «табиғи сұрыптау» деген қағидасын еске түсіреді. Дәл осындай кірген жаңалықты әр түрлі атау қазақ тілінде мол кездеседі. … Бұларды «диалаект» деп ноқталау ағаттық. Бұл жаңа сөздің туу, таралу процесі деген жөн…
* * *
Қисық тілді шығарма сақау адам секілді, кәрі құлақты кеседі, жас құлаққа жаман үлгі болады, балаң авторды үстірттікке үйретеді.
* * *
Тіл тұтастығы – ел тұтастығы.
Ілияс Омаров.
* * *
Қазақ тілі байыса, басқа мәдениетті жұрттардай өз шаруашылығына керекті өз тілінде түсіндіре алатын болса, былайша айтқанда, адам баласының барлығы бірдей білімге бет бұрса, халық мәдениетінің өскені ғой. … Кейбір кертартпалардың түпкі тілегі халықтың сезімін өсірмей, бұрынғы надан қалпында қалдырмақ еді, сол үшін олар қазақтың тілін де ескі қалпында ұстап қалғысы келді; бұл мақсатқа жету үшін саясат, шаруашылық жүзіндегі өзгерістер туғызған жаңа сөздерді қазақ тіліне кіргізбеуге тырысты. Егер жаңа түсінікті кіргізе қалса, оларды жер үстінің барлық халқына бірдей түрінде қабыл қылмай, өзгертіп, ешкім түсінбейтін қылды, иә бүтіндей басқа сөзбен айтатын болды.
Темірбек Жүргенов.
* * *
Егер ана тілін білмесең, ол ұлттың баласы емессің.
Ғұмар Қараш.
* * *
Қазақ тілі еш уақытта өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге жібермегендігі мыңдаған жыл тарихында айқындалған.
* * *
Бір тіл білген адам – бір елдің баласы, екі тіл білген адам – екі елдің баласы.
Бауыржан Момышұлы.
* * *
Пілден құласаң да, Тілден құлама.
Мұзафар Әлімбай.
* * *
Қандай ұлтқа жатпайық, біздер, жазушылар үшін өте бір кіді мәселе – ол өзіміз жазып, өзіміз оқып жүрген ана тілінің проблемасы. Онсыз біздің өмір сүруіміздің мәні жоқ. Сонымен бірге біз тілдердің өзара байланысын, өзара баюын құптаймыз. Орыс тіліне қарап мен былай деймін: - Ты выгоды не ищешь хмурым днем, Не видишь в криках о себе резона. Ты чтишь язык – пусть говорят на нем, Хоть тысяча людей, хоть миллионы.
Жұбан Молдағалиев.
* * *
Менің аттөбеліндей халқымның тілін жұтаң дейтіндер айта берсін. Мен өз ана тіліммен бірге өмір сүруге тиіспін. Жан-дүниемнің күллі құдіретін ғаламға жеткізу үшін маған басқа тіл қажет емес.
* * *
Ана тілің ертең жоқ болады десе, мен бүгін өлуге даярмын.
Расул Ғамзатов.
* * *
Әрбір адам өзінің ана тіліне деген көзқарасына қарап, оның мәдени деңгейіне ғана емес, сонымен бірге азаматтық қасиеттері жөнінде де мүлтіксіз баға беруге болады. Өз Отанына деген махаббат өз ана тіліне деген шынайы махаббатсыз болуы мүмкін емес. Өз ана тіліне немқұрайдылықпен қарайтын адам хайуанмен бірдей. Оның ана тіліне деген немкеттілігі өз халқының өткеніне, қазіргісі мен келешегіне деген немкеттілікпен сабақтасып жатады, сондықтан ондайлар зиянды. ... Өз ана тіліңді қадір тұтпай тұрып, ел-жұртыңды сүйе алмайсың.
К.Паустовский.
* * *
Тіл – аса қадірлеп ұстайтын байлығымыз.
Габен.
Ескертпе сөз
Басып алған жеріңнің ана тілі болмаса, ұлттық эпосы болмаса, тез жойып жіберуге болады.
Адольф Гитлер.
* * *
Полуязык – не есть язык, Он как заплеванный родник. Язык – это и есть народ, Язык умрет – народ умрет.
Е.Евтушенко. * * *
Ұлттың өзіне тән іштей дамитын рухы бар, сол рухтың ерекшелігін сыртқа шығарып, ұрпақтан-ұрпаққа беруші күш – тіл.