Жуырда бір басылымнан «Қазақстанда азаматтар ағылшын тілін шапшаң үйренуде» дегенді оқыдым. Көптілділіктің, әсіресе, ағылшын тілін білудің әлемдік ауқымын айтып, күн сайын жарнамалай берсек, әрине, оған қызығушылық артады да үйренеді. Ал қазақ тіліне лайықты құрмет те, оны үйренуге ықылас, құлық та мардымсыз. Жапон халқы ғылым мен техникада қарыштап өскендіктен, қазір әлемнің түкпір-түкпірінде жапон тіліне қызығушылық артып отырғаны айтылып жүр. Бір кездері өз тілін менсінбей, тіпті қытай тілін өздерінің әдеби тілі етіп алған жапондықтар қалайша айды аспанға бір-ақ шығарды?! Сөйтсек, олар ғылым ғажайыптарына арналған еңбектерін тек жапон тілінде жаза бастапты! Өз тіліңді дәріптеудің, насихаттаудың бір үзік үлгісі осы! ... Баспасөз депутаттарды да қазақ тіліне қарсы адамдар етіп көрсетуге біраз тер төкті. «Ұлты қазақ депутат мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті» деген ұсыныстың депуттаттар (негізінен қазақ депутаттар) арасынан қолдау таппай, өтпей қалғаны рас. Алайда олардың ішінен ашықтан ашық қазақ тіліне қарсы болғандарын көрмедік. Шынтуайтына келгенде, меніңше, жоғарыдағы ұсыныстарды өткізбегендердің өздері қазақстандықтардың мемлекеттік тілді білуі қажет екенін іштей мойындағанымен, бұл мәселені шұғыл шешуге әлі ерте деп ойлайтын немесе басқалардың пікірлеріне (ұстанымдары мен көзқарастарына) жалтақтайтын сыңайлы... ... Қазақстанда қай оқулықты пайдаланғаны дұрыс деген мәселе маңайында мый қатырмай, жер-жерде өз шама-шарқынша оқулықтар шығарып жатқандар да бар. Меніңше, бағыт-бағдарсыз бытырап, оқулық жазуға көшкеніміз орынды бола қоймас. Осындайда Президентіміз Н.Назарбаевтың: «Республиканың тілші ғалымдары «ана тілім – арым бұл» деп жалаң ұранды жалаулата бергенше, неге бір зерделі оқулық жазбасқа?» дегеніне ден қойып, ұйыйсың десем, жақында ғалым Өмірзақ Айтбаев ағамыз баспасөз бетінде «Тіл төңірегінде тартысты тоқтатайық!» деді. Дұрыс айтады. «Тірі жанға тыным жоқ, қызыл тілде буын жоқ, Айта берсең, аяғы – таусылмайтын сөз болар». (Базар жырау). Ендеше, тұрлаусыз тартысты доғарып, одан да туған тіліміздің туын бірлесіп көтеруге күш-қайрат жұмсалық.
Раукен Жәмекова, Парламенттегі қазақ тілін үйренушілер курсына сабақ беруші ұстаз («Егемен Қазақстан», 15.09.06).