Лебяжіде (Павлодар облысы – Д.Д.) мектепке әскери дайындық сабағын жүргізуші едім ғой. Бір күні аудандық комиссариатқа келдім. Сабаққа керекті автомат жарағын пайдалану үшін рұқсат қағаз керек болды. Екі жас жігіт отыр екен. Бірі – майор. Өздері орысша сәлемдескен соң, мен де орысшалап керекті қағазымды сұрадым. Екеудің бірі өзара сөйлескен болып: «Көккөзді түстен кейін кел» деп қоя берсеңші, қайтесің» деді. Жанындағысы мақұлдады. Шыдамадым: «Әй, жігіттер, сол қағазды менің көзімнің көктігіне бола түстен кейінге қалдырып отырсыңдар ма?» дедім. Екеуі орындарынан ұшып тұрды. «Ойбай?! Ағатай?! Сіз қазақша білетін бе едіңіз?» «Дәл сендер ғұрлы білемін!» Қазақшаны любой қазақтан кем сөйлемеймін...
Василий Николаевич Илющенко, зейнеткер («Ана тілі», 25.05.00).
______________
Тіл: іс-тәжірибе, ұсыныс, пікірлер
Н.Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: ... Ең алдымен, мемлекеттік қызметте жүрген азаматтардың тілдік дайындығын күшейтуге баса назар аудару керек. ... Бізге жақсы бағдарламалар, әдістемелік құралдар, сапалы оқулықтар керек. Адамдардың бойына ана тілімізге деген сүйіспеншілік сезімін терең сіңіре алатын білікті ұстаздар керек.
* * * ... Біз қазақ халқының санғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете береміз. Сонымен қатар ұлтаралық және мәдениетаралық келісімді, біртұтас Қазақстан халқының ілгері дамуын қамтамасыз етеміз.
* * * Қазірдің өзінде мемлекеттік тілге республиканың бес облысы мен Алматы қаласы көшіп отыр. 2010 жылға дейін бұл мәселе тұтастай шешімін таппақ. Барлық қатынас қағаздары ана тілімізде жүргізіледі. Сол кезде тек аудармашылардың қызметіне иек сүйеп отырған кейбір жауапты қызметкерлер «қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп өкініп қап жүрмесін. Бұлғақ заманы бітеді де, нақты да қатал сұраныс туады. Осы бастан дайын болайық.
Елбасының Қазақстанды әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына қосу жөніндегі стратегиясын жүзеге асыру мақсатында жасалған Үкіметтің 2006-2008 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасынан: Қазақ тілін және Қазақстан халықтарының басқа тілдерін дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру маңызды басымдық болып қалады. Мемлекеттік тіл саясатының басты бағыттарының бірі барлық азаматтардың белгілі дәрежеде мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жағдай жасау болып табылады. Өңірлік деңгейде облыстарда мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталықтарын құру үшін ресурстар бөлінуі тиіс.