Халқымыздың тәуелсіздік алғалы тіл мәселесіне шыдамдылықпен, түсіністікпен қарап келген даналығы адам сүйсінерліктей. Бұл бір жағынан әсіре төзім болып көрінуі мүмкін. Бірақ шыдамның да шегі бар екенін біз секілді атқа мінген азаматтар түсініп отырмыз. Біз қазір мемлекеттік тілді дамытудың жеке бағдарламасын жасауды ойластырып отырмыз, өйткені 2001-2010 жылдарға арналған тілдерді дамыту бағдарламасы жалпылама жасалған, көпсөзділікке ұрынған және елдегі барлық тілдерді дамытуға бағытталған. Біз аталмыш бағдарламаны орындауды нақты жобаларды іске асырумен астастыруды мақсат етіп отырмыз. Сонда бағдарламадағы бос сөзге орын қалмайды. Қазіргі кезде мемлекеттік тіл мен орыс тілін «жауластыру да» бізге көп нәтиже бермейді. Әр тілге өз орнын беру арқылы қазақ тілінің бірте-бірте барлық саланы қамтуына жол ашуымыз керек. Қазір қазақ тілі, шын жағдайды ашық айтсақ, мемлекеттік емес, бар болғаны этнос тілі ғана. Ал орыс тілі халықаралық өркениет тілі деңгейінде. Сондықтан бас-аяғы бірнеше жылдың ішінде этнос тілі өркениет тілі болуы үшін ірі де нақты қадамдарға баруымыз қажет. Бұл үшін қазақ тілінің даму сатыларын белгілеген жөн. Айталық, оны 4 жыл ішінде мемлекеттік салаларға толық енгізу, 5 жылда қоғамдық ортада мойындату, 10 жыл ішінде ғылыми салада орнықтыру секілді сала-сала бойынша міндеттер қойып, соны іске асыратын іргелі жобалар жасау керек.
Ерден Қажыбек, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы («Ана тілі», 20.07.06).