Бұл бiр көптен көтерiлiп жүрген тақырып. Мазмұнына көз жүгiртсек, екi бөлiктен тұратынын көремiз. Бiрi – ұлт, екiншiсi – идея мәселесi. Ұлттану қазақ даласына ежелден қоныстанған үрдiс екенi ақиқат. Осыдан үш мың жыл бұрын өмiр сүрген Геродоттан тартып, кешегi Колбинге дейiн әрқилы мақсатқа сай қазақстанға сырттан келгенде ұлттануға ден қойғаны – арғы тегiмiз сақтарды, салт-дәстүрiмiздi, рухани-мәдени ұстанымдарымызды, тарихымызды, яғни қазақтардың қайдан, қашан, қалай шыққанын, болмысын танып-бiлуге ұмтылғаны күмән туғызбаса керек. қазақтар да әлемнiң саяси, тарихи, этникалық дамуынан бейхабар қалған жоқ. Дала даналарының орыс, қытай, қалмақ, өзбек, араб, парсы жұрттары жөнiнде айтқандары бүгiнгi күнге жетiп отыр. ХХ ғасыр этностарды мидай араластырып жiбердi. Отарлаудың зорлық-зомбылығынан жоғалып кеткен ұлттар аз емес. Бiр ғана КСРО-ның өзiнде 1926-1939 жылдар iшiнде 194 ұлттан 100-ге жетпейтiн ұлт қалған екен. Осылайша ұлттану өзектi мәселеге айналды. Талай-талай ойдодалары өттi, том-том кiтаптар жарық көрдi. Ғалымдардың, саясаткерлердiң, саяхатшылардың үздiксiз iзденiсi зая кетпедi. қоғамдық санаға адамдардың ұлтқа жiктелетiнi аса зор құндылық ретiнде орнықты. Бүгiнде ұлтқа берiлген анықтама ондап, жүздеп саналады. Бiздiң ойымызша, ұлт дегенiмiз – өзiнiң қазақ (орыс, немiс, жапон...) екенiн тарих тереңiнен бастау алған төл санасымен ұғатын және басқалардан тiлдiк, рухани, геосаяси, т.б. өзгешелiгiн айыра алатын адамдардың үлкен қауымдастығы. Идея – грек сөзi, образ, ұғым, түсiнiк мағыналарында қолданылады. Атқаратын мiндетiне қарай идея алуан-алуан қырымен көзге түседi. Мәселен, бiрде ол сырт дүниенi бейнелейтiн қоғамдық сананың пiшiнi болса, ендi бiрде адамның басты сенiмi орнына жүредi. Шығарманың түпкi түйiнi мағынасында да қолданылатыны бар. Бiз қарастырғалы отырған ұлттық идея мәселесiнiң мәнi ұлттың тiлегi, ниетi, ойы дегенге саяды. Сондықтан да ұлттық идеяны ұлт мұраты деп қабылдасақ, мәселенiң тоқ етерiн тапқанымыз.
2. Тарихы Қандай ғана болмасын үрдiстi зерттегенде тарих ғылымы үш сұраққа жауап iздейдi: 1. Қашан пайда болды? 2. Қандай даму белестерiнен өттi? 3. Бүгiнгi жай-күйi нешiк? Ұлттық идея тарихы да бұл сұрақтардан тыс тұра алмайды. Хронологиялық тұрғыдан келер болсақ, қазақстандағы ұлттық идеяның жасы - қазақ этносымен түйдей құрдас. Ол қазақтармен бiрге дүниеге келдi әрi тарих сахнасына да қазақтармен қол ұстаса көтерiлдi. Мұратсыз ұлт ұлт болып қалыптасуы да, сақталып қалуы да мүмкiн емес. Ендеше ұлттық идеямыздың бес ғасырдан астам тарихы бар екен. Оның өзi бiрнеше дәуiрден тұрады. қазақ хандығы тұсында ұлттық идеяның өзегiн мемлекеттiктi нығайту, этникалық территорияны қалыптастыру, бiрде тiлiн, бiрде тiсiн көрсеткен Ресей, қытай, Жоңғар, Орта Азиялық мемлекеттермен оңтайлы қарым-қатынас орнату құрады. Асан қайғының: Едiл менен Жайықтың Бiрiн жазға жайласаң, Бiрiн қыста қыстасаң, Ал қолыңды маларсың Алтын менен күмiске! – деген жыр жолдарында ұлттық мұраттың сол дәуiрдегi аңсағаны - территориялық тұтастық, саяси еркiндiк, әлеуметтiк кемелдiк,табиғат пен адам арасындағы үйлесiм бейнеленген. Елдiң бiрлiгiн, iшкi тыныштығын, ханның ынсапты болуын, халықтың берекелi байлығын жырлаумен ұлттық идеяны мемлекеттiк саясат биiгiне көтергендер қатарында қазтуған, Доспамбет, Шалкиiз, Жиембет жыраулар тұр. "Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама" жылдарында Отан қорғау ұлт мұратына айналды. Ақтамбердiнiң: Жауға шаптым ту байлап, Шептi бұздым айғайлап, Дұшпаннан көрген қорлықтан Жалынды жүрек қан қайнап, Ел-жұртты қорғайлап, Өлiмге жүрмiз бас байлап, - дейтiнi осыдан. Жақсы менен жайсаңның басын өлiмге байлаған ХVIII ғасыр Абылай хан дүние салуымен қазақтың маңдайындағы бағын ұшырды. Ресейдiң бодандығына кiрген қазақ қоғамы әлеуметтiк-саяси және территориялық тұтастығынан айрылды. "Бөлiп ал да билей бер" саясатынан туындаған әрбiр саяси күш, әлеуметтiк қауым өз биiгiне, көздегенiне лайық ұлттық идеяны дүниеге әкелдi. ХVIII ғасырда Абылай мен Әбiлхайырдың, ХІХ ғасырда Махамбет пен Баймағамбет сұлтанның, Кенесары мен қоңырқұлжаның, ХХ ғасыр басында Сәкен мен Мағжанның, Әлiби мен Әлиханның ұстанған ұлттық мұраты барша қазаққа ортақ едi деп, сiрә, ешкiм айта алмас. Иә, бұлар әрiсi - туған халқына, берiсi – соңынан ергендерге қызмет еткiсi келдi. Бiрақ, уақыт өзi көрсеткендей, бiреулерi ат төбелiндей азшылықтың мұратын жалаулатса, екiншiлерi – барша қазақтың болмаса да қалың көпшiлiктiң мұратын дөп басып таба алғаны ақиқат. Орталықтанған мемлекеттiң болмауымен қоса бiртұтас ақпараттық кеңiстiктiң жоқтығы да жалпыұлттық идеяның өрiсiн тарылтты, жолын кестi. Сырым, Махамбет, Кенесарылар ұлттық идеяны қарулы күрестен тапса, Шоқан, Абай, Ыбырайлар ағартушылықтан, Әлихан, Ахмет, Мiржақыптар Алаш автономиясынан, Шоқай тұтас Түркiстанды құрудан, Әлiби, Сәкендер таптық жiктелуден олжалады. Ең пәрмендiсi әрi халыққа тиiмдiсi Алаш автономиясы ұлттық идеясы екенiн ендi ғана ұғындық қой. Кеңестiк Қазақстандағы ұлттық идеяның тарихы мен тағдырын бiр ауыз сөзбен шиырып айтар болсақ, ол – ұлтжанды тұлғалардың қасiретi мен қуғын-сүргiнге ұшырағаны, кешегi әралуан ұлттық идеяны әу бастағы тартымды мән-мағынасынан жұрдай болған утопиялық социалистiк идеяның алмастырғаны, ол – өз елiндегi, өз жерiндегi қазақтың күшпен таңылған саяси-идеологиялық тапшыл ұрандар мен адасулар әсерiнен қазақтан жатсынуға бет түзегенi. Кеңестiк жылдардағы қазақстанда қазақтың санасы мен жүрегiн билеп алған ұлттық идея болған жоқ. Ұлтын сүйген, социалистiк эксперименттерден қара бұлттай төнiп келе жатқан апаттың сұмдығын қапысыз ұғынған рухы биiк ақын-жазушылар, ғалымдар, жекелеген тұлғалар туған халқының тiлi, дiнi, мәдениетi, жерi үшiн отқа күйiп, суға түскенмен, қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйе тiлге жеңiл, жүрекке жылы ұлттық идеяны түзуге де, халыққа ұсынуға да жеткiзбедi, көктей солдырды. 20-30-жылдары Алаш зиялылары құрбандыққа шалынғаннан кейiн ұлттық идеяны табу бағытындағы талпынысты "ЕСЕП" партиясының", "Жас тұлпар" қозғалысының дүниеге келгенiнен, "Қазақ әдебиетi", "Зерде" газет-журналдарындағы ұлт тарихы, тiлi, мәдени мұрасы жайлы жарияланымдардан, Ш.Смаханұлының қазақ мектептерiн ашуға жанталасынан, 1979 жылғы Целиноград, 1986 жылғы Алматы оқиғаларынан көргенiмiз ләзiм. Бiрақ бағыт – мақсатқа тура жеткiзетiн даңғыл жол емес. қисапсыз қасiреттi басынан өткiзген бiздер тәуелсiздiктiң табалдырығынан нысаналы даярлықсыз аттай салдық.