Азаттығымыз да әлi жас. 1990 жылы Қазақстанның егемендiгi жарияланды, 1991 жылы аңсаған тәуелсiздiкке қол жеттi. Бiрақ бiз әзiрге толық азаттыққа ие бола қойған жоқпыз. Айталық, озық техника мен биiк технологияларға зәрумiз. Олар сырттан тасымалдануда. Жаратқан иемiз бiзге мұнай қорын таңқаларлықтай молынан бергенмен әлемдiк бағасын анықтап отырған басқалар. Батыстың демократиялық құндылықтарын тездетiп алуларың керек, адам құқығын сақтай бермейсiңдер деп ақыл үйретiп, қоқаңдай беретiндер де басқалар. Тiптi патшалық отарлау мен кеңестiк тоталитаризм санаға сiңiрген дүниетанымнан арылмағанымыз, қазақтың қазақ тiлiн бiлмеуi толық азаттыққа жетпегенiмiздiң көрiнiсi. Әрине, тәуелсiздiк жылдарындағы толағай табыстарымызды ешкiм жоққа шығара алмайды. Бiрақ табыстан бас айналмасын. Н.Ә.Назарбаевтың қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай, бiз бiрлесе отырып, еркiн экономика мен еркiн ұлт жасақтау жолында алға жылжуымызға қажеттi берiк негiз қаладық. 260 жылға созылған бодандық пен жалған ұраншылдық қазақ халқының бiрлiгiне орасан зор нұқсан келтiрдi. Бiрлiктiң Ұлы күш екенiн халқымыз қапысыз ұққан. Бiрлiк жоқ жерде тiрлiк жоқ, деген ғой ол. Сөздiң атасы - шындық, анасы - бiрлiк деген ұлағатты сөздi Қаздауысты Қазыбек би айтқан екен, дейдi даланың ауызша тарихнамасы. "Бiрiңдi, қазақ, бiрiң дос, көрмесең – iстiң бәрi бос", - деп ұлы Абай жырлаған. Қазақтың, барша қазақстандықтардың бiрлiгi тап қазiр ерекше мағынаға ие болып тұр. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жан-жақты дәйектелген экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару мiндеттерi ынтымақ-бiрлiк барда ғана жүзеге асады. Бiрлiгi күндей күндiз бар да түнде жоқ елдегi адамдардың өзара сыйластығы iлiнiп зорға жүрген бай мен кедейдiң құдалығындай тұрлаусыз ғой. Әйтпесе түнгi сағат 1-2 ден кейiн орыс тiлдi телеарналар қазақ халқының табиғатына, менталитетiне жат, тiптi мазақтайтын, қорлайтын хабарлар жүргiзер ме едi. Ал осынау түнгi хабарлар сорақылығын, зиянын қазақ баспасөздерi жазған әлi де жазып келедi. қазақстан республикасының Ата Заңындағы 39-бапта ұлтаралық үйлесiмдiлiктi бұзушы кез-келген iс-әрекет заңсыз деп танылатыны тайға таңба басқандай көрсетiлген. Бiрақ бап әрқашан жұмыс iстей бермейдi. Әлде түнгi 1-2-ден кейiн Конституцияның пәрменi де "ұйқыға" кете ме? Бұл аздайын Күндi алақанымен жапқысы келетiндер әлi де бой көрсетуде. Мәселен, 2005 жылдың 22 ақпанында Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Жамбыл облысы бойынша департаментi директорының орынбасары, облыстың бас мемлекеттiк еңбек инспекторы В.И. Борода деген бишiгеш "Тараз-су" коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорнындағы техникалық қауiпсiздiктi тексеруге байланысты ұялмай-қызармай мынадай қаулы шығарыпты: "Я, Главный государственный инспектор труда по Жамбылской области Борода В.И., рассматривая дело об административном правонарушении в отношении юридического лица КГП "Тараз-су" – директора Аширбекова А.А., определяю, что делопроизводство вести на языке межнационального общения /на русском/". "Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты" деген осы болар. Бiрлiк қазақтардың өзi үшiн де қажет. Былтырғы күзде өткен Парламент сайлауы ұлтымызға iштей тұтасу жетпей жатқанын айдай әлемге жариялады. Руға, жүзге бөлiну санадан сылынып тасталмағанын көрдiк. "Ауруын жасырған – өледi". Әрине, аштықтан, қуғын-сүргiннен, демографиялық азшылықтан жойылып кетпеген қазақ траибализмнен құри қоймас. Бiрақ оның қазақ елi мен азаттыққа тигiзер кесапаты аз болмайды. Ұлттық идеяны "Қазақ елi. Азаттық. Бiрлiк" ұғым-түсiнiктерiмен бейнелеу жалпақшешейлiк, жалтаңкөздiк, баяғы көнбiстiк емес, қайта саяси, танымдық, рухани кемелдiгiмiз бен оралымдылықты паш етсе керек. Қазақтың нартұлға ұл-қыздары идея үшiн, ал тоталитаризм тұсында қасаң идеяның ойранымен жанын аз қиған жоқ, ендi идея қазақ мұраты үшiн құрбан болғанын тiлейiк. Қазақ елiнiң, азаттығымыздың, ынтымақ-бiрлiктiң мүддесiне қызмет етiп, дiттегенiне жеткен күнi қош- есенге кете баратын кемел де кесiрсiз ұлттық идеяны бекемдеу әрқашан жауапты мiндет болып қала бермек.