Все рефераты Казахстана Пятница, 12.09.2025, 11:50

Приветствую Вас Гость | RSS
Главная | Тегін қазақша рефераттар | Регистрация | Вход
загрузка...
Тегін рефераттар


загрузка...
Главная » Рефераты » Тегін қазақша рефераттар » Қазақ әдебиеті

М. Әуезовтың Абай жолы романының әдеби көркемдігі

М. Әуезовтың Абай жолы романының әдеби көркемдігі скачать

18.02.2010, 09:49
загрузка...

М. Әуезовтың «Абай жолы» романы

 

Алаш қайраткерлері ішінде коммунистік террордан тірі қалған жалғыз қазақ Мұхтар Әуезов еді. Ол ұлы толқынның рухани аманатын көркем әдебиетте толық қалдырған бірден-бір қаламгер. Бұл идея ең алдымен оның басты шығармасы "Абай жолы” романында жүзеге асты.

Қазақ әдебиетінің тарихындағы дала тағдырын мұхит тектес тереңдікпен толғаған "Абай жолы” роман-эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовтің көпке дейін, дәлірек айтқанда, қырықтың үстіне шыққанша, ұлы ақынның өмірі, туған-өскен ортасы туралы шығарма жазу жоспары болмағанын ескерткені бар. Абай өлеңдерін бас­тыру, ғұмырбаянын жасау, зерттеу еңбектер жариялауды романға барар жол деп санамаған екен. Сондықтан үлкен шығарма идеясы әбден піскен кезде, қажетті уақытты өткізіп алғанына бармақты шайнаған. Дегенмен, ескі жұртта әлі де көп естелік бар-ды. Абай заманының сан-салалы сырларын, дәуірдің қат-қабат тартыстарын, дәлді оқиғалар, аңыз-әңгімелерді даланың жезтаңдай, ескі көз, құйма құлақ адамдары кейде саф таза күйінде, кейде мың құбылтып жеткізген. Абайдың мінезіне қанықтырған қасындағы жары – Әйгерім, ұлы – Тұрағұл, інісі – Шәкәрім, шәкірттері – Көкбай, Қатпа, Баймағамбеттер. Көп нәрсенің түбіне, түкпірлі табанына үңілу керек болған. Ел аузы Қамқа мен Қодар нәпсі үшін қылмысқа барған деседі. Абай үш әйел алған кісі: Ділда, Әйгерім, Еркежан. Дәрмен деген ақын болмаған. Жазушылық мақсатқа орай автор өмірлік дәлді деректерді қажет жерінде өзгерткен, керекті орайда жаңа кейіпкерлер, оқиғалар ойлап тапқан.

Романда қаламгердің бұрынғы шығармаларындағы әуен-сарындар жалғасып, тереңдеп, байып, жаңа сападағы көркем ойлар, кемел бейнелер туған, қазақ тілінің адам психологиясын, әлеуметтік қайшылықтарды ашып берудегі орасан зор байлығы көрініп, жанрдың ең жоғары талаптарына жауап беретін мол мүмкіндіктері ашылған. М.Әуезов тұрмысы, моральдық институттарының өмірлік материалдары негізінде қатал реализм, сұлулық, әсемдік талаптарына дөп келетін тарихи роман тудыру арқылы қазақ әдебиетінің деңгейін биік әлемдік дәрежеге көтеріп, жаңа эстетикалық игіліктер дарытып, қаламгерлік ерлік жасады.

Төрт томды эпопеялық көлемді роман қазақ қоғамының жарты ғасырлық әлеуметтік, тұрмыстық, отбасылық, ғұмырын мейлінше дәл, айқын, адал бейнелейді. Оқиғалар жыл маусымдарының төрт мезгіліне бірдей, тәуліктің әртүрлі сәттерінде, күн демей, түн демей, толассыз өтіп жатады. Аталар буыны Құнанбайлар өмірінің соңғы кезеңі, орта буын Абайлар өмірі түгелдей дерлік, жаңа буын Әзімбайлар өмірінің тал түсі, жас төл Рахымдар өмірінің басы – бірімен-бірі жалғас, үзілмейтін тіршілік көшінің керуені іспеттес, бірін-бірі қуалай жосыған дария толқындары секілді сабақтас, жалғас қалпында көрініс табады. Бұл бір мәң­гілік толас таппас жақсылық пен жамандық, махаббат пен ғадауат, әділет пен зұлымдық шайқасы ретінде бейнеленеді.

Романдағы негізгі соқталы оқиға, бас майдан өтетін орта – тобықты рулары мекендеген Шыңғыстау аймағы. Көршілес елдер қаракесек, уақ, керей, матай авторлық баяндау барысында, кейбір тартыс, дау-дамай кезінде ғана айтылып отырады. Шыңғыстаудың айналасы, іші-сырты, Хан, Орда, Машан, Доғалаң, Семейтау секілді әйгілі биіктер, Шаған, Ащысу, Қарауыл, Бақанас, Ертіс өзендері, белгілі күзеу, көктеу, жайлау, қыстаулар, толып жатқан адыр, шоқы, бел, асу, төбе, құдық, бастау-бұлақ, көл, ши, қорық, зират, қорым, шатқал, сай, аңғар, тоғай, үңгір, сүрлеу-соқпақ, жолдар алақанға салғандай ап-айқын көркем суретке айналған.

Жазушы бір рулы ел жайлаған ортаны бейнелеу арқылы қазақ тұрмысын, тұтас алғанда көшпелілер мәдениетін түгел көрсетіп беретін биік деңгейге көтеріледі. Көші-қонның бүге-шігесіне дейін анықтап, шаруашылық орайына байланысты, мал жаю талабына сәйкес жер отын тиімді пайдалану үшін шаруа қазақтар қолданған кәсіби әрекеттердің әлеуметтік тамырлары ашылады, теңсіздік, зорлық-зомбылық, тіршілік үшін күрес сарындары сабақтас жүреді, осы арнадағы адамдар тағдыры бар.

Бір рулы ел жайлағанмен, жалпы көлемі отырықшы шағын мемлекет сыйып кететін аймақтың негізгі қатынас-құралы – ат. Шығарма кейіпкерлерін көп ретте ат үстінен көреміз. Ат пен адам бір тұлға іспеттес. Жалғыз жолаушы сирек. Қатал далада топ­тасып жүрмесе болмайды. Көшпелі елдің перзенті көбіне ат үстінде. Аттың жасы, түсі, жүрісі, ер-тұрманы, мінез-машығы, аяңдау, желу, жорту, жорғалау, шабу – осының бәрін автор әр ситуацияға орай дөп басып, баяндап отырады.

Көшпелі өмірдің көбесі сөгіліп, қазақ елі патша өкіметінің отарлық табанына түскеннен кейін, бекіністер, қалалар салынып, ендігі биліктің түп қазығы сол шаһарларда қағылған. Сондықтан қырда басталған дау-шар, бітімсіз күрес, лап еткен өрт түптің түбінде ұлық кеңсесіне тұмсық тірейді. Соңғы шешім сол жерде. Сол себептен романдағы бірқыдыру оқиға Қарқаралы, Семей, Алматы қалаларында өтеді. Әсіресе, Абайдың бала кезінде оқыған, кейін білім қуған, әділет іздеген, достар тапқан күндерінің куәсі – Семей.

Жазушы негізінен өмірдің табиғи ағымын, уақыттың ілгері жылжу құбылысын көр­сетеді. Абайдың он үш жасынан бастап дүние салғанына дейінгі қырық алты жыл­да оны қоршаған ортада өткен басты оқиғалар тізбекті сабақтастықта, бірінен-бірі туып, өрістеп, тарамданып, асқынып, шорт сынып, тағы бастау алып, шығандап, қатарласа дамып, лаулап барып өшіп, қайта жанып, құбылып, өзгеріп, осы арнада ондаған, жүздеген, мыңдаған адамдар тағдыры шешіліп жатады: жас шынар гүл шашады, кәрі бәйтерек құлайды.

Кейіпкерлердің қазіргі өміріне тікелей қатысы жоқ, бұрын өткен бірен-саран оқи­ғалар ғана еске түсіру арқылы белгілі болады. Жарты ғасыр уақытты қамтитын кең тынысты, сан арналы ұлы шығарманың барлық тарау, бөлімдерінде көшпелі қазақ тұрмысына етене көрініс, сурет, тартыстармен астарлас жалпы адам баласына тән қайшылық күрес, қасиеттер мол қамтылып, кең көлемде терең де сенімді бейнеленген.

загрузка...
Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: AgesSa
Просмотров: 2838 | Загрузок: 12 | Рейтинг: 4.3/11
Тут вы можете

скачать М. Әуезовтың Абай жолы романының әдеби көркемдігі

абсолютно бесплатно
Меню


загрузка...
Аудио жазбалар


Ислам


Наш опрос
Оцените мой сайт
Всего ответов: 6617

Статистика

Онлайн всего: 5
Гостей: 5
Пользователей: 0

Все права защищены, копирование материалов разрешено только с активной ссылкой на этот сайт! © 2025 SiteMap №1 и SiteMap №2